Астана. 28 қараша. 7kun.kz – Қазақстандық кәсіпкер Марат Әбиев елордада заңсыз митингң өткізгені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
27 қарашада Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Марат Әбиевке қатысты екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
Оған қатысты екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, олар: бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамада белгіленген тәртіпті бұза отырып, рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны және өткізгені үшін (ӘҚБтК 488-бабы 7-бөлігі) және полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты олардың заңды талаптарына бағынбағаны үшін (ӘҚБтК 667-бабы 1-бөлігі).
«Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Марат Әбиевті жоғарыда аталған құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, екі құқық бұзушылық бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады. Қаулылар заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ іс материалдарында 2022 жылдың 26 қарашасында М.Әбиев Астана қаласының жергілікті атқарушы органының рұқсатынсыз Қорғалжын тасжолы бойында митинг ұйымдастырып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны көрсетілген.
Ол сотта ауыл шаруашылығын дамыту жобасын тез арада қарауға ел басшылығы назарын аудару мақсатында бейбіт митинг ұйымдастыруды ұйғарғанын айтты. Ол заңға қайшы әрекет жасамағанын айтып, бейбіт жиын өтетін күннен бір күн бұрын қала әкіміне алдағы іс-шара туралы хабарлағанын мәлімдеді. Әкімшілік құқықты бұзу бойынша кінәсін мойындамады.
Сот Әбиевті осы құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, екі хаттама бойынша да 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындады. Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 26 қараша кешкі уақытта 300-ге жуық жас елорда көшелеріне шығып, қоғамдық тәртіп өрескел бұзған болатын.