Астана. 10 қараша. 7kun.kz - Бүгін Астанада «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының «Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасы аяқталып, жоба жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Қозғалыстың баспасөз қызметі.
«Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасы аясында осы уақытқа дейін 50 қатысушы екі апта қатарынан «жеке көшбасшылық», «бизнес», «үкіметтік емес ұйымдар» модульдері бойынша білім алған болатын. Екі апта қатарынан жинаған білімдерін бизнес кейс жасауға жұмсаған қатысушылардың ішінен 10 үміткер іріктеліп алынды.
Білім беру, жеке көшбасшылық дағдысын үйрету, кәсіпті және әлеуметтік кәсіпкерлікті тиімді жүргізуге бейімдеу арқылы адам капиталын дамытуды мақсат еткен жобаға елімізге танымал бизнес пен бұқаралық ақпарат өкілдері қазылық етті. Қазылар құрамында Астана қаласы транспорт қауымдастығының төрағасы, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің мүшесі Медет Құрманов, белгілі тележурналист, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің басшысы – Министрдің кеңесшісі Берік Уәли, «ОРДА-Астана» көпсалалы сервистік компаниясының бас директоры Евгений Больгерт, «GenevaBusinessSchool» Өкілдігі» АҚ атқарушы директоры Тоғжан Жұмағұлова, «Жобаларды басқару технологиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иван Чубисов болды.
Таңдалған үміткерлер өздеріне берілген уақыт ішінде бизнес кейстерін қорғап, қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді.
Қазылар алқасының шешімімен MBA бағдарламасы бойынша оқуға 25% жеңілдіктер Ұлжан Қоқыбасова мен Мадина Кусмановаға, 50% жеңілдік Ғалым Дәусейітке, 75% жеңілдік Бақыт Құдабаеваға берілсе, басты грант Досан Қауменге берілді.
Жобаны ұйымдастырушы – «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеевтің айтуынша, «Zhangyru» корпоративтік оқыту» жобасы рухани жаңғыру тақырыбы аясында өткізіліп отыр.
«Бұл жобаға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам адам қатысуға тілек білдірді. Біз қазылар алқасын құрып, олардың ішінен 50-ін жоба қатысушысы ретінде таңдап алдық. Таңдап алынған 50 қатысушы екіапталық тренингтерге қатысты. Қатысушылар өздерінің мақсаттары мен міндеттерін жүйелей білуді, эмоционалдық жағдай мен бизнесті басқару стратегиялары туралы білім алды. Жобаларды басқаруға арналған жаңаша тәсілдерді жүзеге асыруды үйренді. Мұның барлығы азаматтардың кәсіби біліктілігін жаңғыртуға бағытталған. Біздің осы жобамызға қолдау танытып, бас серіктес болған «SamrukKazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ерекше рөл атқарды. Сондай-ақ, «GenevaBusinessSchool» Өкілдігі» АҚ мен «Жобаларды басқару технологиясы» ЖШС бізге барынша қолдау танытты», - деді М.Манкеев.
Жеңімпаздар 2018 жылғы наурыздан бастап, 2 жыл бойы швейцариялық оқу ордасының бағдарламасы негізінде білім алатын болады. Оқу орнын сәтті аяқтаған түлектерге МВА дәрежесі беріледі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024