Экономика
Выбор редактора
АТА-дағы табиғи апаттар келтірген экономикалық шығын артып келеді (Инфографика)
Сәуірдің 25 мен 28 аралығында Непал аумағында болған жер сілкінісі салдарынан жеті мыңнан астам адам өліп, 14 мыңдайы жарақат алды, ондаған мың үй қирап, жарты миллионан астам ғимарат зақымданды. Магнитудасы 7,8-ді көрсеткен апат көршілес Қытай, Үндістан Бангладеш аумағына да зиян келтіріп, ондаған адамдың өмірін әкетті. Непалдың қаржы министрі Рам С. Махат апатты жер сілкінісінен кейінгі елді қалпына келтіру 10 млрд доллар қаражат керек деп отыр. Жер сілкінісінен қайтыс болғандардың отбасына 1000 доллардан төленеді деген ақпарат та жария болды. Әлемдік қауымдастық қайғыдан тыс қалмай қол ұшын созуда: мәселен, АҚШ 9,2 млн еуро бағыттаймыз деп шешсе, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Абибуллаев Қазақстан алдағы уақыттарда Непалға қомақты түрде көмек көрсетеді деп жазды.
Көп жағдайда Азия-Тынық мұхит аймағына (АТА) кіргізіліп жүретін Непал мемлекетінің жерінде болған сілкініс осы аймақтағы жиілеп кеткен табиғи апаттардың бірі ретінде статистикаға еніп отыр. Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) мәліметі бойынша, түрлі катаклизмдерден зардап шеккен аймақтар арасында АТА соңғы кезде алғашқы орында. Яғни соңғы 45 жылдың ішінде әлем бойынша түрлі табиғи апаттардан қаза тапқан 3,5 млн адам мен $2,8 трлн көлемінде келген шығындағы АТА-ның үлесі артып келеді. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесіне қарасты бес аймақтық комиссияның бірі АТМЭӘК (Азия мен Тынық мұхит өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссия - ESCAP) жариялаған зерттеуге сүйенсек, 1970 жылдан бері АТА-да бес мыңнан астам табиғи апат болып, ол 2 млн адамның өмірін қиып, 6 млрд адамға зиянын тигізген екен. Бұған аймақтағы салыстырмалы түрде алғанда "жас" болып есептелетін, яғни бекімеген, нық орнықпаған, көшкін жүру қаупі жоғары таулар, жер сілкіністері мен цунамилеh, мұхиттан келетін аса күшті циклондар мен тайфундар - себепші. Адам шығынының көбеюіне соңғы 45 жылдағы аймақ халқы санының күрт асуы да итермелеп отыр: 1970 жылы АТА-да 2,2 млрд жан басы бар деп есептелсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 4,3 миллиардқа жеткен. Сондай-ақ урбанизация да қарқынды жүруде: 1970 жылы қала тұрғындарының саны жалпы халықтың 25,9%-ын құраса, 2014 жылы 47,7%-ға жеткен. Жер жетіспеушілігіне байланысты тұрмысы нашар халық қауіпті аймақтарға қоныстанады, оның үстіне техникалық қауіпсіздік ережелерін де сақтай бермейді. Бұған аймақ елдерінің экономикалық күрт дамуын, сәйкесінше, кейде асығыс-үсігіс, кейде арзан болу үшін апатты жерлерге салынған ғимараттардың қатерін қоссаңыз, АТА-ның нағыз оқ-дәрі салынған "жәшік" екенін ұғуға болады. Соңғы он жыл ішінде АТА халқы табиғи апаттардан зардап шегуі мүмкін-ау деген қауіп көлемі бойынша Африка елдеріне қарағанда 2 есе, Латын және Кариб бассейні елдеріне қарағанда 6 есе, Еуропа мен Солтүстік Америка мемлекеттерімен салыстырғанда 30 есе "алда тұр". АТМЭӘК өз баяндамасында АТА-ға қатысты түрлі мәліметтер келтіреді. Мәселен, төмендегі инфографикада 1970-2014 жж аралығында әлемдік табиғи апаттар саны бойынша АТА-ның үлесі 42,9% екені көрсетілген. Аймақ халқы санының күрт артуы, тығыздығы және қауіпті аймақтарда өмір сүруі табиғи апаттан қаза тапқандар (total fatalities) мен қандай да бір зардап көргендер (total affected) бойынша АТА-ны алға шығарып отыр. Соңғы 45 жыл ішінде АТА-да ең кең тараған катаклизмдер қатарында су тасқындары мен теңіз дауылдары (тайфун) бірінші болып тұр, бұл екеуінің үлесі аймақтағы жалпы апаттың 64%-ын құрайды. Одан кейін жер сілкінісі мен цунами (12%) және көшкін (6,9%) орналасқан. 1970 жылдан 2014 жылға дейін аймақта табиғи апаттан өлген жандардың (total fatalities) басым көпшілігі жер сілкінісі мен цунамидің (45,5%) кесірінен қаза тапқан. Дауыл мен тайфун көрсеткіші 36,8%-ды құрайды. Алайда қандай да бір зиян көргендер (total affected) саны бойынша алғашқы орында құрғақшылық пен су тасқыны тұр. Бұл екі "жұттың" зардабын 5 миллиардқа жуық адам тартқан. 1970-2013 жылдар аралығында әлем бойынша табиғи апаттан келген жалпы экономикалық шығын $2,8 триллионды құрапты. Оның $1,15 триллионы Азия-Тынық мұхит аймағына тиесілі (жалпы шығынның 40,7%-ына тең). АТА-дағы табиғи апаттардан келген экономикалық шығын көлемі артып, соңғы жылдары әлемдік экономикалық шығынның (global total) жартысына жеткен. Ең үлкен экономикалық шығынды жер сілкінісі мен цунами, сондай-ақ су тасқындары мен дауыл (тайфун) келтіріп отыр. Соңғы 45 жыл ішіндегі жалпы табиғи апаттар кесірінен туған экономикалық шығын бойынша бұлардың үлесі - 91,8%. АТА мемлекеттерінің табиғи апаттардан тартқан экономикалық шығынының ЖІӨ-ге қатысты алғанда тұрақты артып отыруы өңір елдері үшін де, әлем үшін де алаңдатарлық жайт болып отыр. 1970 жылдан бері табиғи апаттардан келетін экономикалық шығын әлемдік масштабта 8,3 есе өсті, ал ЖІӨ көлемі тек 3 есе артты. Жалпы алғанда экономикалық шығын ЖІӨ-нің 0,09%-нан 0,27%-на дейін ұлғайды. Ал АТА үшін бұл мәселе ушығып тұр. Соңғы 45 жыл ішінде аймақта табиғи апаттан келген экономикалық шығын көлемі 14 есе өскен. Ал ЖІӨ болса тек 5 есе артты. Жалпы шығын жетпісінші жылдардағы жылдық $5 миллиардтан (АТА елдері ЖІӨ-нің 0,16%-ы) жылдық $75 миллиардқа (АТА елдері ЖІӨ-нің 0,45%-ы) дейін ұлғайды. БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы шұғыл түрде Азия-Тынық мұхит аймағында инфрақұрылымның табиғи апаттарға қарсы беріктігін нығайтып, аймақтағы елдердің экономикасын түрлі катаклизмдерге шыдас беретіндей дамыту қажет деп ұсынып отыр.Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024