
Астана. 21 қазан. 7kun.kz - Атаулы әлеуметтік көмек жобасына қатысушылардың жан басына шаққандағы кірісі 3,1 есеге өсті. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
2017 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес, аталған жобаға қатысушылар саны 161,7 мыңға жеткен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,3 есеге артық. Жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы кірісі 3,1 есеге өскен.
2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекке жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болатын отбасылар қатыса алады.
"Өрлеу» пилоттық жобасы – бұл әлеуметтік келісімшарт негізіндегі қаржылай көмек көрсету шараларының кешені. Аталған жоба табыс көзі төмен азаматтарды қолдауға бағытталған.