Экономика
Қазақстанға тартылған барлық инвестициялардың 70 пайызы тау-кен өндірісіне бағытталған
Астана. 29 наурыз. 7kun.kz - Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Жас Отан» IV съезінде «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев айтып берді деп жазады Primeminister.kz.
«Қазақстанға тартылған барлық инвестициялардың шамамен 70 пайызы тау-кен өндірісі саласына бағытталған. Индустрияландыру процесінің арқасында 2006 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялардың үлесі екі есеге ұлғайтылды. Сандармен айтар болсақ, бұған дейін бұл көрсеткіш 7 пайыз болды, бүгінде шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің шамамен 15 пайызы өңдеу секторына жіберіледі. Яғни нәтиже бар», — деді Рустам Исатаев «Қазақстанда жасалған» секциялық отырысында сөйлеген сөзінде.
Егер 2005 – 2010 жылдар аралығында шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 6 млрд долларды құраса, Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудың жеті жылының қорытындысы бойынша 2010 жылдан 2016 жылға дейін 25 млрд долларға жуық инвестиция тартылған.