Қазақстан легионер футболшыларға бюджет қаржысынан жалақы төлеуді доғарады
Алматы. 25 сәуір. 7kun.kz - Қазақстан легионер футболшыларға бюджет қаржысынан жалақы төлеуді доғарады. Бұл туралы бүгін Сенатта Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес саралау жолымен спорттың басымдыққа ие олимпиадалық түрлері қаржыландырылады. Оған жауапты орган Ұлттық олимпиада комитеті болып бекітіледі.
«Біз тарихта алғаш рет мемлекеттік тапсырманы министрліктен Ұлттық олимпиадалық комитетке бермекпіз. Бұл олимпиадалық спорт түрлері федерацияларын дамыту үшін жасалып отыр. Әрине, бұл спорттың басқа түрлері қаржыландырусыз қалады дегенді білдірмейді. Дегенмен, қазіргідей өз қалауыңмен 100 пайыз бюджеттің 40-45 пайызын, кейбір облыстарда 50 пайызына дейін кәсіби футбол клубтарын ұстап тұруға жұмсай алмайсыз», - деді вице-министр.
Өз кезегінде ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Қанағат Елсияров кәсіби футбол клубтарының өз демеушілері бар екендігін баса айтты.
«Осы заңмен бюджет қаржысы есебінен легионерлерге жалақы төлеуді мүлдем доғармақпыз. Егер легионер шақырғың келсе демеуші, жеке қаражат тап. Саралау жолы арқылы спорттың басымдыққа ие түрлерін қаржыландыруды арттырғымыз келіп отыр. Мәселен байдарка мен каноэ есу оңтүстік өңірде облысында басымдыққа ие болғанымен барлық құрылымдарда іске қосылмаған. Балалар-жасөпірімдер спорт мектебінде, облыстық интернатта, олимпиадалық резерв дайындау орталығы мен жоғары спорттық шеберлік мектебінде байдарка мен каноэ есуден сыныптар болуы қажет. Яғни сабақтастық болуы тиіс», - деді Елсияр Қанағатов.
Дереккөз: inform.kz
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024