Қазақстан нарығына сапасыз тауарлар шығаруға қатаң шектеу қойылады
Алматы. 21 желтоқсан. 7kun.kz – Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің жобасын және ілеспе заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Сонымен бірге, Қазақстан нарығына сапасыз тауарлар шығаруға қатаң шектеу қойды.
Қазақстан Республикасының жаңа Кеден кодексінің негізін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі құрап отыр.
"Осы құжатты қалыптастыру кезінде біз қолданыстағы ҚР Кеден кодексінің нормалары құрылысының логикасын негіз етіп алдық. Бірінші кезекте бұл екі құжаттың орнына бір құжатты пайдаланудың ыңғайлы болуына байланысты. Осылайша, Кодекс жобасында Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелері толығымен имплементацияланған, ұлттық заңнамаға сілтеме нормалар көрсетілген, сондай-ақ ЕАЭО Кодексінде реттелмеген құқықтық қатынастар белгіленген", - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз баяндамасында.
Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің электрондық декларациялауға, «бір терезе» тетігіне, тауарларды автоматты түрде шығаруға байланысты кедендегі бизнес-процестерді автоматтандыру бөлігіндегі негізгі тәсілдері жаңа жобада толық көрсетілген. Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру үшін «Постфактум» кедендік тазарту режімі деп аталатын кедендік декларация берілгенге дейін мәлімдеме бойынша шығарылатын тауарлар тізбесі кеңейтіледі.
«Жобада кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға арналған жеңілдетулер қамтылған. Мәселен, олардың міндеттерінің бірі белгіленген мерзімде есептілікті ұсыну болып табылады. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, есептілікті уақтылы ұсынбаған жағдайда тұлға тізілімнен алып тасталуға тиіс. Жаңа заңнама тұлғаның қызметін тоқтата тұруға және бұзушылық жойылғаннан кейін қайта бастауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Т. Сүлейменов.