Алматы. 4 мамыр. 7kun.kz - 2016 жылы Қазақстандағы автожолдарды салу мен жөндеуге арналған бюджеттік шығындар 35 пайыз көбейіп, 269 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы energyprom.kz хабарлады.
Нәтижесінде еліміздегі автожолдардың 3,2 мың шақырымы жөнделген. Қазір сапалы автожолдардың үлесі 46 пайызды құрап, 19,9 мың шақырымға жеткен. Бірақ Дүниежүзілік экономикалық форум "Жол сапасы бойынша" Қазақстанның рейтингі 107-орыннан 108-орынға төмендеді.
"Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан 611 шақырым жолды жөндеу үшін қосымша 151,3 млрд теңге бөлінді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Астана – Петропавл бағыттындағы жолдар пайдалануға берілді.
Қазақстанның заманауи көлік инфраструктурасын қалыптастыруы оның халықаралық транзиттік жүйеге енуін жеңілдетеді. Өткен жылы транзиттік тасымал көлемі 1,3 млн тонна жүкке, яғни 8 пайызға артқан. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 1,8 млн тоннаға жеткізу жоспарда бар.