Алматы. 25 қазан. 7kun.kz - Ұлттық валютамен берілген несиелердің көлемі бір айда 2,5 пайызға көбейіп, 9 485,3 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғаларға берілген несие 3,2 пайызға, жеке тұлғаларға 1,6 пайызға өсті, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
2017 жылғы қыркүйектің соңында банктердің экономиканы несиелендіру көлемі 13 222,5 млрд теңгені құрады (бір ай ішінде 1,4 пайызға өсті). Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несие көлемі - 8 779,3 млрд теңге (1,4% өсім), жеке тұлғаларға берілген несие көлемі - 4 443,2 млрд теңге (1,5% өсім).
Шетел валютасымен берілген несиелердің көлемі 3 737,2 млрд теңге (1,2% азайған) болды. Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несие - 1,3 пайызға, жеке тұлғаларға - 0,4 пайызға азайған.
Теңгемен берілген несиенің үлес салмағы бір айда 71,0 пайыздан 71,7 пайызға дейін ұлғайды. Ұзақ мерзімді несие көлемі 11 107,6 млрд теңгеге дейін 1,3 пайызға, қысқа мерзімді несие көлемі 2 115,0 млрд теңгеге дейін 2,1 пайызға көбейген.
Салалар бойынша банктердің экономикаға берген несиелердің ең қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 18,3%), өнеркәсіп (14,3%), құрылыс (7,5%), ауыл шаруашылығы (5,9%) және көлік (4,5%) сияқты салаларға тиесілі.
Банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 13,1% (2016 жылғы желтоқсанда – 14,5%), жеке тұлғаларға берілген несие бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 18,8% (18,4%) болды.