Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда шариғатқа сай ипотека берілуі мүмкін

Қазақстанда шариғатқа сай ипотека берілуі мүмкін

Алматы. 17 наурыз. 7kun.kz - Астанада өткен «IFN ТМД» форумында, яғни, ТМД мемлекеттеріндегі ислам қаржыландыру жүйесінің бүгіні мен болашағы талқыланған форумда алғаш рет Қазақстанда шариғатқа сай ипотека беру мүмкіндігі талқыланды.

Қазақстанда шариғат бойынша ипотека беруді көздеп отырған қаржы институты, ол - Al Hilal Bank. Бұл банк ислам тәртібі бойынша қаржыландыру туралы заң қабылданғаннан кейін, Қазақстанда ашылған алғашқы жекеменшік ислам банкі. Іс жүзінде банк жеті жыл бұрын, құжат бойынша он жыл бұрын ашылған.

«Бұл банк - 100 пайыз Әбу Даби үкіметіне тиесілі банк. Құрылғаннан бері не істедік дегенге келер болсақ, біз 2007 жылы лицензиямызды алдық. Алайда, жұмыс 2009 жылы басталды деуге болады. Себебі, 2009 жылы Қазақстан ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешірді»,-дейді БАӘ-дегі Al Hilal Bank-тің бас операциялық директоры және Қазақстандағы Al Hilal Bank-тің директорлар кеңесінің мүшесі Прасад Абрахам.

Al Hilal Bank биыл Қазақстанның ритейл-нарығына (көтерме сауда көлеміндегі бөлшек сауда) шығуды көздеп отыр. Яғни, банк өз тетіктерін бөлшек саудаға енгізіп, ислам тәртібіне сүйенген депозит пен ипотеканы іске қосуды жоспарлап отыр.

«Алдымен, ислам депозиттерінен бастаймыз. Ал, жыл соңында тұтынушылар үшін ипотека беруді көздеп отырмыз. Егер Қазақстанға енгізейік деп отырған бұл тәжірибеміз нәтижесін берсе, онда ТМД-ның өзге елдеріне шығамыз»,-дейді Прасад Абрахам.

Похожие материалы