Алматы. 24 қаңтар. 7kun.kz – Қазақстанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алдын ала төлемсіз баспана алу мүмкіндігі бар. Әзірге тек Алматы қаласында ғана. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Оның айтуынша, Алматыда 2018 жылы тағы 400-дей жас алдын-ала төлемсіз несиелік баспанаға қол жеткізуі мүмкін. Қоғамда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алдын ала төлемсіз пәтер алу мәселесі қызу талқыланып жүр. Әсіресе, 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының қабылдануымен, бұл бастама жүзеге асырылады деген болжам көңілге медеу ұялатты.
Дегенмен, Қазақстан бойынша алматылық жастарда ғана еш қаржы құймастан, баспаналы болу мүмкіндігі бар. Мәселен, 2017 жылы «Алматы жастары» бағдарламасына 1 млрд теңге бөлініп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі аясында алдын-ала төлемсіз 100 шақты несие берілген.
"Алматы қаласының әкімдігі бұл бағдарламаға деген жастардың қызығушылығын байқап, қосымша 4 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыс әдеби орта өкілдерінің, спортшылардың, білімді жастардың шаһарда қалуы үшін жасалып жатыр. Сондықтан, біз қазір барлық облыс әкімдіктерінің осындай жүйені енгізіп, алдын ала төлем мәселесін реттеуге мүдделіміз. Қызылорда және Жамбыл облыстарымен келісім жасасып та қойдық", - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2018 жылы 4 млрд теңге бөлінсе, тағы 400-дей жас баспаналы болуы мүмкін. Яғни, қалалық әкімдіктің іріктеу сыннан сүрінбей өткендер алдын ала төлемсіз пәтер алады. Жалпы елдегі баспана құрылысы бүгінгі Үкімет отырысында қаралған ең маңызды мәселе болды. Себебі 2017 жылы жалпы аумағы 11 млн 200 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
"Барлығы 100 800 баспана салынды. Оның ішінде жеке сектор есебінен 75,8 мың пәтер немесе жалпы көлемнің 75 пайызы, мемлекеттік инвестиция есебінен 25 мың пәтер, яғни жалпы көлемнің 25 пайызы іске қосылды", - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдеріне жалға берілетін тұрғын үй салу үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 25 млрд теңге бөлінеді. 2017 жылы осы бағытта 5 391 пәтердің құрылысы басталып, 2,5 мыңы пайдалануға берілді. 2018 жылы да 2 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды деген жоспар бар. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуда – «Нұрлы жер» бағдарламасының басым бағытының бірі. Оның аясында 2017 жылы 70 мыңнан аса жер теліміне инженерлік коммуникация жүргізілген.
"Тұрғын үй құрылыс жинақтары бағыты бойынша 2017 жылы 181 млрд теңгеге қарыз беру көзделген болатын. Алайда жоспар асыра орындалып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 290 млрд теңгеге несие таратты. Жалпы 2017 жылы несиелік 11 мыңға жуық пәтер қолданысқа берілді", - деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов.
Ипотекалық баспананың сыйақы мөлшерлемесін қаржыландыру бағыты бойынша 2017 жылы 1 300-ден астам отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. 2018 жылы бұл көрсеткіш еселеп артуы тиіс. Себебі Үкімет 2018-2019 жылдары қаржы институттары арқылы 8 мың азаматтың ипотекалық несиесін субсидиялауды көздеп отыр. Жалпы жыл сайын еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны 10 пайызға артуы қажет. Сонда ғана 2030 жылға қарай әрбір қазақстандыққа тиесілі баспана көлемі 30 шаршы метрге жеткізіледі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024