Экономика
Қазақстанда зейнетақы жинағы 5 триллион теңгеге жуықтады
2015 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы таза инвестициялық табыс сомасы 141,41 млрд теңгені құрады. Биылғы жылдың 1 шілдесінде шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) 10 043 572 бірлікке жетіп, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,92 трлн теңгеден асты деп жазады Bnews.kz.
Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ саны мен зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы бойынша бірінші орында Алматы (1 493 103 ЖЗШ, 973,4 млрд теңге), екінші орында Астана 622 906 ЖЗШ, 466,7 млрд теңге), үшінші орында Қарағанды облысы (768 141 ЖЗШ, 436,6 млрд теңге) тұр.
Жынысына және жасына қарай алғанда зейнетақы жинақтарының ең көп көлемі 35-37 жас аралығындағы ерлер мен 37-39 жас аралығындағы нәзік жандыларға тиесілі екен.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығының мәліметінше, 2015 жылдың 6 айы ішінде БЖЗҚ-дан 73,80 млрд теңге зейнетақы төленген, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылғаны – 7,55 млрд теңге.
Қор көрсететін электрондық қызметтер танымал бола бастады. Бүгіннің өзінде шамамен 700 000 салымшы (алушы) өзінің жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) жағдайы туралы ақпаратты e-mail және БЖЗҚ веб-сайты (www.enpf.kz) арқылы ала алады. ЖЗШ-дан ақпарат алу тәсілі ретінде 300 мыңға жуық адам электрондық поштаны және 400 000 адам Қор веб-сайтын таңдап алған.
Өзінің ЖЗШ жағдайын тексерудің тағы бір кеңінен тараған түрі – смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы. Күн санап, қосымшаны жүктеп алу саны артып келеді. 2015 жылғы 1 маусымда ENPF қосымшасы шамамен 45 000 рет жүктеліп алынған.
Биылғы жылдың ақпан айында БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты e-gov электрондық үкімет порталынан және Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚО) алу мүмкіндігіне ие болды. Қызмет іске қосылған сәттен бастап 1 шілдеге дейін e-gov арқылы 34 мыңнан астам үзінді көшірме алыныпты.
Бұл тұрақты тенденция келешекте хабарлаудың дәстүрлі тәсілдерінің орнын электрондық хабар тарату басады деп болжауға мүмкіндік береді. БЖЗҚ өз тарапынан электрондық қызметтердің мүмкіндіктерін үнемі жетілдіріп отырады.