Оның айтуынша, компания жүргізген зерттеу нәтижесінде елдегі тұрғындардың 74 пайызы үнемдеуге көшкені белгілі болған. Оның 58 пайызы киім-кешектерді аз сатып алса, 51 пайызы үйден тыс аумақта көңіл-көтеруге және 41 пайызы еңбек демалысына кететін ақшасын үнемдей бастаған.
"Есте қаларлық бір жайт, қазақстандықтар девайстерге (смартфондар, теледидар және т.б. техникалар) қаражат жұмсауын доғармаған. Мысалы, бұрын техникаға 42 пайыз қазақстандық үнемдесе, қазір бұл көрсеткіш 38 пайызға төмендеген. Демек, біздің халық арзан киінсе де, қымбат айфоннан бас тартуға әлі дайын емес", - дедеі Қасымова.
Сонымен қатар, халықтың 29 пайызы сырттан тамақтануға, 26 пайызы ұзақ мерзімді демалыстарға, 15 пайызы жөндеу жұмыстарына арналған шығын көлемін азайтқан. Компанияның бас консултанты қазақстандықтар, тіпті, бұрын көп шығындалатын балалар тауарларына да шектеу қойған деген пікірде.
Дегенмен, зерттеу көрсетіп бергендей, адамдардың 79 пайызының міндетті шығындардың орнын жапқаннан артылатын қаражаты бар. Ел азаматтарының 28 пайызы табысының бір бөлігімен кредитін жауып, артылғанын депозитте сақтайды.
Оның айтуынша, ешқандай әрекет жасалмаса, елдің сатып алу мүмкіндігі бұдан әрі нашарлай бермек.
"Бұл үшін нарықтағы жағдай бірқалыпқа келіп, инфляция өсімі екі есеге дейін төмендеуі керек. Сонда халықтың нақты табысының төмендегеніне қарамастан, адамдардың артық ақшасы пайда болады", - дейді бас консультант.