Алматы. 3 мамыр. 7kun.kz - Еліміздің солтүстігінде тасқын әлі де күшейіп келеді, деп хабарлайды 31 арна.
Су басып жатқан үйлердің саны күн санап артуда. Ең қауіпті аймақ ретінде қазір Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы аталады. Бұдан бөлек Соколовка ауылы да бір түнде судың ортасында қалды. Ертіс өзені тағы да арнасынан тасып, мереке күндері төрт ауылдың тұрғындары мектептер мен жақындарының үйлеріне жайғастырылды.
Айнұр Бектемірованың үйіне тізеге дейін жеткен тасқын су бір түнде-ақ жиналған. Лай су ойда-жоқта лап қойып, дүние - мүлкіміз судың астында қалды дейді тұрғын. Айнұрдың жанына бататыны, бір жыл бұрын ғана жасалған жөндеу жұмыстарының ізі де қалмағаны. Ал ең қорқыныштысы, жарамсыз болған баспана мен бүлінген мүлікке өтемақы берілмесе қайтеміз дейді.
Айнұр Бектемірова, тұрғын:
- Үйдің еденін түгел ауыстыруым керек. Заттарымды шығарып үлгермедім. Одан басқа үйдің қабырғаларын ылғал басты. Мұндай үлкен шығындарымызды енді кім өтейді?
Қазір ауылдағы бірнеше үйдің тұрғындары үйлеріне тек қайықпен ғана жете алатын болған. Бұрын-соңды болмаған судың деңгейі тағы көтеріліп, үйіміз құлап кете ме деген қорқыныш халықты мазалайды. Себебі, жан-жағынан басқан судың толқыны соққанда үйлерімізді қиратып жіберетіндей көрінеді дейді тұрғындар.
Зинаида Пронюк, Соколовка ауылының тұрғыны:
- Ыдыс-аяқ,төсек орындарымыз, жиһаз бәрі судың бетінде қалқып жүр. Үстімізге киім киіп ең қажетті заттарымызды ғана алып шығып, құтқарып үлгердік.
Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары мен Қостанай облыстарының тоғыз елдімекенінде 232 үй әлі де судың ортасында тұр. Сондай-ақ, еріген қар су мен жаңбыр суы еліміздің автокөлік жолдарының 13 учаскесін басып қалып, 15 жерде жол төсемін шайып кеткен. Ал солтүстіктегі су деңгейінің әлі төмендейтін түрі жоқ.
Антон Федяев, СҚО әкімінің орынбасары:
- Есіл өзенінің деңгейі 4 сантиметрге көтерілді. Судың деңгейі әлі бірнеше күн бойы көтеріле береді.
Руслан Жасұланұлы, тілші:
- Ал еліміздің солтүстігінде әлі тасқынның шығынын есептеу басталған жоқ. Есіл өзенінің суы ең биік деңгейіне көтерілген соң бұл жұмыстар басталмақ. Мамандар солтүстіктегі су тасқынының шарықтау шегі алдағы үш күнде күтіледі дейді.
Дінмұхаммед Алдаберген
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024