Алматы. 31 қаңтар. 7kun.kz – 2024 жылы Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылады. Бағдарламаның механизмі дайын, қазіргі таңда оның ережелері әзірленуде. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Бұл бағдарлама бойынша 18 жасқа дейінгі барлық балаға жеке есеп-шот ашылып, бұған жыл сайын дивиденд түсіп отырады. Шот операторы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
«Жүйеде болған 18 жасқа дейінгі балаларға жылдық қорытынды бойынша тиісті инвестициялық кірістің 50%-ы түседі. Осы 50% әр балаға үлестіріледі. Жалпы 6,5 млн бала 18 жасқа толғанша осы жүйеде болады. Тек бір жылдың кірісін ғана қарамаймыз. Біз 18 жылдағы орташа кірісті аламыз. Себебі, 18 жылдың ішіндегі әр кезеңде кіріс оң болуы керек», – деді ол.
Министрдің айтуынша, егер бала азаматтығын өзгертсе, онда ол бұл қаражатты алмайды, олар басқа балалар арасында бөлінеді. Егер азамат тұрақты тұруға көшіп кетсе, бірақ 18 жасқа дейін азаматтығын сақтаса, Қазақстан азаматы болса, бұл ақша оның өзінде қалады.
Қаражат доллармен аударылады. Ұлттық қордағы қаражат 100% доллармен сақталады. Сондықтан ақшаның құнсыздану қаупі жоқ.
Еске салайық, 2022 жылғы 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына аударуды ұсынды.