Қазақстан Оңтүстік Шығыс азиялық туристерге қызық па? Шетел азаматтарына еліміздің көркем табиғаты мен тұрмыс-тіршілгін, мәдениетін тереңінен таныстырып жүрген жандардың бірі Жігер Стамбакиевке қойған ең бірінші сұрағымыз осы болды. Жігер "оларға Қазақстан өте қызық",- дейді.
- Жігер, Оңтүстік Шығыс азиялық туристерді Қазақстанға шақыруды қашан бастадыңыз?
- Менің бұл саламен айналысуыма 2012 жылы Малайзия мемлекетіне әйеліміз екеуміз оқуға магистратураға баруымыз себеп болды. 2012-2017 жылдары 5 жыл Малайзия мемлекеті мен Оңтүстік шығыс Азия мемлекеттерінің ортасында орналасқан Куала-Лумпур қаласында тұрдық. Шетелде күнкөріс қаражатты табу үшін біздің елден, Қазақстанға көршілес елдерден Малайзияға келген туристерге қызмет көрсеттім.
- Олармен қалай тіл табыстыңыз?
- Тіл – негізгі құрал. Басында ағылшын тілін, кейін 3-4 ай ішінде малай тілін үйреніп алдым. Негізі тілді білу өте жақсы нәрсе екен. Мысалы, сіз балыққа барған кезде балықты не аумен, не болмаса қармақпен аулауыңызға болады. Сол сияқты туризм саласында негізгі құралың ол – тіл. Мысалы мен Малайзияға барған кезде маған орыс тілі керек емес, бұл елде ешкім орыс тілінде сөйлемейді, ағылшынша білсем жеткілікті деп ойладым. Көп тіл білудің еш артықшылығы жоқ екен. Осы орыс тілін білуімнің арқасында мен Малайзияда 4 жыл нан жедім. Себебі малай еліне көбіне туристер Ресейден келеді. Осы туристардың арқасында үлкен тәжірибе жинадым. Бізге аптасына кем дегенде үш топ келетін. Әр группада 30-35 адамнан. Сол туристерді таң атқаннан ертесі күнге дейін мен алып жүретінмін. Олардың жолы, тамағы, елдің тарихын айту бәрі менің мойнымда болды. Жұмыс барысында жергілікті халықпен мен малай тілінде сөйлесем, туристермен орыс тілінде, басқа шетелдің адамдарымен ағылшынша, қазақтар келсе, қазақша сөйлестім. Жалпы менің түсінгенім осы қанша тілді білесің, сен сонша адамсың, сонша елдің мәдениетімен танысасың. Сол туристермен жұмыс жасау малай еліндегі менің шағын кәсібім болды. Өзім шыны керек, әңгімелескенді жақсы көремін. Автобуста 30-35 тыңдаушыға сол елдің тарихы туралы терең баяндап, олардың сұрақтарына жауап беріп, жақын әңгімелесіп, өзімнің жасаған ісіме көңілім толып, ләззат алатынмын.
- Бүгінде оқуыңызды тәмәмдап, елге оралдыңыз. Шағын кәсібіңіз жалғасын тапқан сияқты.
- Иә, елге оралғаннан кейін кәсібімді тоқтатып, мамандығым бойынша жұмыс істеп көрдім. Таңертеңнен кешке дейін офисте отыру маған жат дүние екен. Оның үстіне айлық аз. Солай, күндердің бір күнінде, әуежайда Малайзиядан келген адамдарды кездестірдім. Малай тілін білгендіктен, олармен сөйлесіп, қайдан, не үшін келгенін сұрап, таныстым. Олар өздерінің турист екенін айтты. Алматының әдемі жерлерін көрсетейін деп, оларға өз қызметімді ұсындым. Сөйте келе, Малайзиядан келген туристерді қарсы алып отырып, сол елде бастау алған шағын кәсібім өз елімде жалғасын тапты. Бұрын қазақтарға Малайзияны көрсететін едім, енді малайларға Қазақстанды көрсететін болдым. Бізге Малайзиядан малай ұлтты адамдар келеді. Оларға малай тілінде экскурсия жүргіземін.
- Шетелдік оның ішінде өзіңіз қызмет көрсететін азиялық туристерге не ұнайды?
- Туристерді қатты қызықтыратын - ол біздің Алматы мен қарлы таулар. Мысалы елге келген турист аэропорттан шыға сала, Шымбұлаққа 40 минутта барып, шаңғы теуіп, таудан сырғанап түсе алады. Басқа мемлекеттерде бірден тауға шығып, демалуға мүмкіндік жоқ. Мысалы, Турцияда шаңғы тебу үшін Стамбулдың аэропортынан Бурсаға дейін 1 күн жүру керек. Ал бізде Алматыда барлығы қолайлы, жақын орналасқан. Малайлықтар тропикалық жерде тұратын болғандықтан оларда ешқандай қар болмайды. Қар таңсық дүние ол ел үшін. Қарды көрген кезде үлкен кісілердің баладай қуанғанын көрсеңіз?! Өзінің атын ұмытып қалатындай, шыны керек, бала болып кетеді. Біздің Шымбұлақтың бір жақсы жері жазда да қар жатады. Осы табиғи ерекшелігімізбен қар мен ешқашан қыс болмайтын Индонезия, Тайланд және Үндістан мемлекеттерін тартсақ болады. Сонымен қатар, Алматы – бізде алманың отаны. Мына Бутоковкадағы (Бұтақтыдағы) ескі райкалар алманың атасы десе болады. Бұл да туристерге өте қызық. Және жылқы жануары. Олар үшін жылқының еті, жылқының сүті - бұл экзотика. Біздің туристер Малайзияға барып, қолтырауынның етін жегенмен бірдей.
- Елімізге келген шетелдік қонақтарға қызмет сапасына қандай баға берер едіңіз? Нені өзгертер едіңіз?
- Бізде мемлекетте туристердің полициясы бар екен, сондай мекеме құрылыпты. Ол да жақсы. Өйткені, кейбір туристер келіп алып, түнгі клубтарға барып, басқа нәрсемен айналысады, ол нәрселерді қадағалау керек. Сосын біздің мемлекетіміздегі ең күрделі мәселе дәретхананың жетіспеушілігі. Оны қазірден қолға алу керек. Шарынға барсаңыз, дәретханалар енді орнатылып жатыр. Қызмет жағынан көрші Өзбекстаннан кішкене қалып қойып жатырмыз. Өйткені, Өзбекстанда Бұхара, Самарқанд қалалары бар. Самарқанд маңында имам Бұхари жерленген. Мұсылман елдері үшін өте тартымды жер. Себебі шетелден келген халық арнайы осы жерге келіп, зиярат жасайды. Оған қоса, Ташкент қаласында VII – VIII ғасырларда қағазға түсірілген Осман халифаның Құраны сақталған. Бұл тарихи жәдігерді көруге келетін туристер де жеткілікті. Өзбекстанға, шыны керек, жүздеген, жүз мыңдаған туристер ағылады. Өзбекстанға кеткен туристерді біз өзіміз алып қалуымыз керек. Өйткені Эйр-Астана әуекомпаниясы туристерге Алматы – Шымкент – Ташкент бағытында өте арзан билеттерді ұсынады. Сол себепті туристер Өзбекстанға Қазақстан арқылы ұшады. Алматыда транзит ретінде тоқтайды. Осы орайда, менің мақсатым - туристерге екі мемлекетті көрсету. Ең бірінші турист Алматыға келеді, тауды көреді, қарды көреді, көшпенділердің мәденитімен танысады. Одан кейін, Өзбекстандағы Бұхара, Самарқанд аймақтарындағы өмір сүрген отырықшы мемлекеттермен танысады. Жалпы, біз совет үкіметінде 70 жыл тұрған кезде бізге туристер келген жоқ. Сол себепті, бізде инфраструктура ойдағыдай дамымаған. Шекарамызды ашқаннан кейін бізге туристердің бәрі қызығушылық танытып жатыр. Туристер картада жаңадан пайда болған «-стан» елдеріне, оның ішінде Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттеріне қызығып келе бастады. Біз сонымен қатар әуе жол билеттерін қолға алауымыз керек. Ол қолжетімді бағада болуы керек. Малайзияның туристі туристік компанияның ұсынған бағасына қарайды. Өзбекстанда мынандай баға екен, Қазақстан мынандай баға. Салыстырады. Өзбекстан Қазақстаннан сәл арзандау болатын болса, сіз Өзбекстанға бара салады.
- Аталған мәселелер өз уақытында шешімін табар деп сенеміз. Жігер, туризмде ең маңызды нәрсе не?
- Маңызды нәрсе - ақпаратты түсіндіріп, жеткізе білу. Әдемілеп түсіндіріп, толық ақпарат берсең, сол жер туристерге қызық.
- Қазақ елінің табиғаты мен құндылықтарына кімдер көп қызығушылық танытады?
- Біздің елімізде өте көп көретін, көрсететін жерлер бар. Оңтүстігімізде ежелден бастап тарихы бар қалалар орналасқан. Бұндай көне қалалар Еуропаның туристеріне өте қызық. Өйткені Азияның туристеріне, мұсылман елдерінен келген қонақтарға Өзбекстандағыдай базарлар керек, ал мына Еуропаның туристеріне көбіне мұражайлар, археологиялық қазбалар қызық. Сонымен қатар, елімізді әлем жылқының отаны деп мойындаған. Көкшетаудан 30 шақырым жерде Ботай деген жер бар. 2008 жылғы ағылшындардың зерттеуі бойынша жылқыны қолға үйреткен қазақ халқы болып шықты. Оған дәлел ежелгі ыдыстардан қымыздың ДНК-ларының табылуы. Ат күшін иеленген жалғыз халық бізбіз. Қазылған қорғандардан адамдардың қасында жылқының сүйегінен жасалған қасықтар, шанышқылар, ыдыстар табылған. Міне, біз осы жерге апара аламыз туристерді. Және бізде Шарын шатқалы бар. Ол Америкадағы үлкен шатқалдардың інісі болып есептеледі. Сонымен қатар Көлсай көлі, Қайыңды көлі бар.
- Сұхбатыңызға көп рахмет! Ісіңізге береке тілейміз.
Сұхбаттасқан: Гүлжанат Қанибаева, "Азаматтық журналистика" жобасы