Экономика
Бүгін қазақстандықтар Конституцияның 20 жылдығын тойлап жатыр
Қазақстан халқы Ата Заңымыз - Конституция күнін атап өтуде. Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата Заңымыз - Конституцияға дәл бүгін 20 жыл толып отыр.
1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. 1998 және 2007 жылдары ҚР Конституциясына елеулі өзгерістер енгізілді.
«30 тамыз Қазақстан халқы біртұтас таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні болып есептеледі. Біз осыдан 20 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Ата заңымызды қабылдадық. Ескі мен жаңа тоқайласқан алмағайып кезеңде халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті», - деді Елбасы 28 тамызда өткен ҚР Конституциясының 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып,өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», деп басталатын Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Конституция - мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерді орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Әрине, тарих ауқымынан алып қарағанда, 20 жыл аз ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның қатарында тұр.
Қазақстандықтар Конституция күніне орай 29-31 тамыз аралығында үш күн демалуда.
Бірнеше күннен бері елордамыз бен ел аймақтарында ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай өткізіліп жатқан шаралар 30 тамызда да жалғасын табады. Бұл күні сағат 11.00 - 23.00 аралығында Астананың басты алаңдарында: Орталық алаң, «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда және «Студенттік» саябағында арналған мерекелік концерттер өтеді. Сондай-ақ бір ай бойы қаланың барлық кітапханаларында «Ата заң - болашақтың кепілі» кітап көрмесі келушілерді қарсы алмақ.
Осындай мерекелік іс-шаралар Қазақстанның барлық облыстарында және қалаларында ұйымдастырылуда.
Ақпарат көзі:
ҚазАқпарат