Ақтөбе. 19 шілде. 7kun.kz - Ақтөбе қаласында, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар әні байқауының Ұлттық іріктеу кезеңі өткізіліп, аймақтық жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды bala.turkvizyon.kz.
Ақтөбе аймағы Ұлттық іріктеу өткен оныншы аймақ болды. Жеңімпаз «Bala Turkvizyon-Қазақстан» Ұлттық іріктеуінің 16-17 қыркүйек күндері Астанада өтетін жартылай финалына жолдама алады.
18 шілде күні жалпы байқауға қатысушы өнерпаздардың саны 1 500-ге жетті.
Қазылар алқасы аймақтық іріктеудің жеңімпазы деп, бір ауыздан, ерекше көзге түскен, 12 жастағы дарынды бала Сатиев Рахман деп шешті. Ауылда жаңа мектеп салынып жатқан кезде, баланың жаңадан келген ұстазы Балагүл апай шәкіртінің әнге деген қабілетін бірден байқап, ата-анасына Рахманды ән үйірмесіне беруді сұрайды. Содан, әнші бала Ақтөбедегі музыкалық мектептің вокал сыныбына түседі. Бір жылдың ішінде Рахман бірнеше қалалық және республикалық байқаулардың Гран-при иегері атанып үлгерді. Бұл жетістігіне қарап, мектеп басшылығы дарын иесін бірінші сыныптан үшінші сыныпқа ауыстыруды жөн көрді. Одан бөлек жеңімпаз басқа балалар сияқты футбол ойнауды жақсы көреді. Сурет салу және қолөнермен де кәсіби түрде айналысады. Бірақ, бала танымал музыкант болғысы келеді және ата-анасы да бұл ойын құптайды. Тамыз айының ортасында Рахман Сатиев Алматыға «Жұлдызды үйге» жол тартады. Тәлімгерімен екі апталық дайындықтан кейін, өзіне арнайы жазылған жаңа әнді байқаудың жартылай финалында орындайды. Әр аймақ өз ерекшелігімен есте қалды. Ақтөбелік өнерпаздар байқауға шығармашылық жағынан жақсы дайындалғандарын көрсетті. Олар әртүрлі бағыттағы, қазақ, қытай, ағылшын, орыс, түрік, украин және итальян тілдеріндегі әндер топтамасын орындады. Ақтөбе облысынан үздікті анықтауға тәлімгер әрі жеңімпаздың болашақ продюсері Нұрболат Абдуллин өзімен бірге танымал сазгер Павел Ли мен әнші Жасұлан Жанұзақовты ала келді. Дәстүр бойынша барлық жас өрендер тіркелуден кейін флешмобқа қатысып, күнделіктің түсіріліміне атсалысып, әншілермен бірге би билеп, бірге көңіл көтере білді.
Дереккөз: Қазақпарат