Балықбаев: Жолдауды жүзеге асыру арқылы ұстаз мәртебесін қалпына келтіре аламыз
Алматы. 12 қаңтар. 7kun.kz – Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларынан тың жаңалықтар күтіп, болашаққа деген сенімдері мен үміттерін ұштай түсетіні қалыпты жағдай. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Тахир Балықбаев Елбасы Жолдауы жайлы осылай деді, деп хабарлайды egemen.kz.
Өйткені бұл жолдауларда ел дамуының жаңа межелері белгіленіп, халықтың әлеуметтік-рухани жаңғыруының көкжиектері айқындала түсетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа міндеттері» Жолдауында бірқатар міндеттерді одан әрі жалғастыру бағдарланып отыр.
2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу тездетілуге тиіс. Бұл мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар керек деген сөз. Педагогтарды оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды қайта қарау қажет. ЖОО-лардағы педагогикалық кафедралар мен факультеттерді одан әрі дамыту қажеттігі туындап отыр. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру да кезек күттірмейді.
Мамандарды бұрынғыдай топырлатып даярлай беретін кез емес қазір. Біз бүгінде жұмыс берушілермен тікелей байланыста қызмет істей отырып, олардың талап-тілегіне қарай маман даярлаймыз. Экономиканың қажеттілігіне қарай маман даярлау, оларды жұмыспен қамту, тиісті әлеуметтік жағдай туғызу арқылы адами капиталды дамытуға, оның жаңа сапасына қол жеткізуге болатыны бүгінде баршамызға аян және бұл жоғары оқу орындары алдына зор жауапкершіліктер жүктейді.
Елбасының Жолдауы Қазақстанның үшінші жаңғыруын жаңа белестерге көтерудің нақтылы бағдарламасы болды десек асыра айтқандығымыз емес. Ол біздің жігерімізге жігер қосып, болашаққа деген сенімімізді нығайта түскені сөзсіз.