Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бас банк жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасады

Бас банк жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасады

Алматы. 30 қазан. 7kun.kz – Ұлттық банк 19 қазаннан 26 қазан аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасады, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

2018 жылғы 26 қазандағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір АҚШ доллары үшін бір апта ішінде 0,6%-ға нығайып (366,43 -тен), 368,54 теңге деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы валюталық нарық тұрғысынан 2018 жылғы 19 қазаннан 26 қазан аралығында маңызды оқиғалар АҚШ-тың экономикалық шолуын («Ақшыл сары кітап») жариялау, ЕОБ-нің ағымдағы монетарлық саясатты сақтау туралы шешімі, ФРЖ-мен ЕОБ өкілдерінің экономикалық өсу және монетарлық саясатқа қатысты түсініктемелері, кейбір компаниялардың қанағаттанарлықсыз тоқсандық есептіліктері және облигациялар кірістілігінің жоғары мөлшерлемелерімен байланысты қор нарықтары индекстерінің төмендеуі, ІЖӨ-нің өсуі бойынша экономикалық деректерді және АҚШ-та ұзақ қолданыстағы тауарларға тапсырыстарды жариялау болды. Аталған факторлар әлемдік нарықтарда АҚШ доллары бағамының дамыған елдердің валюталарымен салыстырғанда нығаюына әкелді.

Дамушы елдердің валюта бағамдарының АҚШ долларына қарағанда серпіні мынадай түрде қалыптасты:

Оңтүстік Африка рэнді ОАР Қаржы министрі Тито Мбоунидің мемлекеттік борыштың алдыңғы болжамға қарағанда неғұрлым тез өсуі, сондай-ақ мемлекеттің фискалдық тапшылығының өсуі және кірістерінің төмендеуі туралы мәлімдеуінің аясында 1,3%-ға (14,41-ден 14,60-қа дейін) әлсіреді. Қаржы министрлігі ІЖӨ-ға мемлекеттік борыштың 60%-дан жоғары өсуінің алдын алу үшін шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хабарлады;

Мексика песосы 0,4%-ға (19,28-ден 19,36-ға дейін) әлсіреді. Инвесторлар Мехико қаласында құны 13 млрд. АҚШ долл. болатын жаңа әуежай құрылысының жобасына қатысты жобаның күшін жою туралы өткізіліп жатқан референдумның шеңберінде алаңдаушылық танытуда;

Индонезия рупиясы ОБ-нің ағымдағы базалық мөлшерлемені 5,75%-дық деңгейде сақтау туралы шешімнің аясында (15 187-ден 15 217-ге дейін) 0,2%-ға әлсіреді;

Үндістан рупиясы 0,2%-ға (73,33-тен 73,47-ге дейін) әлсіреді;

Ресей рублі АҚШ Президенті Д.Трамптың Ресеймен орта және жақын қашықтағы ракеталарды жою туралы шарттан шығу ниеті туралы мәлімдеуінің аясында 0,2%-ға (65,46-дан 65,60-қа дейін) әлсіреді. РФ Орталық банкі инфляцияның өсуі жағдайында мөлшерлеменің ықтимал артуы туралы белгі беріп, базалық мөлшерлемені 7,5%-дық деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады;

Түрік лирасы инфляцияның өсуі және ұлттық валютаның әлсіреуі жағдайында монетарлық саясаттың ықтимал қатаңдауына байланысты орталық банктің ағымдағы базалық мөлшерлемені 24%-дық деңгейде сақтау туралы шешімінің аясында 0,9%-ға (5,64-тен 5,59-ға дейін) нығайды.

Бразилия реалы әлеуметтік - либералдық партиядан президентікке кандидат Жаир Болсонарудың жеңісін күту аясында 1,9%-ға (3,71-ден 3,64-ке дейін) нығайды. Демалыс күндері ол Бразилия президентіне сайлауда жеңіске жетті.

Похожие материалы