Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

Астана. 23 қазан. 7kun.kz Қазір әлеуметтік желілерде 24 және 25 қазанда орталық алаңдарда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер таралып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл күндері аталған жерлерде қандай да бір митингілер өткізу келісілмеген. «Республика күніне» орай ресми мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Сол себепті осы жалған хабарламалармен жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу заңсыз.

«Өкінішке қарай, митингілерді немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібін бірнеше рет түсіндіруге қарамастан, оны бұзу орын алып жатыр. Бұл тәртіп 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен регламенттелгеніне назар аударамыз», – делінген хабарламада.

Заң талаптарын бұза отырып, өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (3 - баптың 3-тармағы) заңсыз және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамаққа алу көзделген.

Мәселен, 15 қазанда Алматы қаласында заңсыз митингке қатысуға шақырған осындай үндеулер үшін А. есімді ер адамға сот Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-бөлігі бойынша 15 тәулікке қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза қолданды. Осындай құқықбұзушылық үшін биыл 12 қазанда Алматы облысында Д. Есімді азамат 15 тәулікке қамаққа алынды.

«Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз»,  – делінген хабарламада.

Похожие материалы