Астана. 25 қыркүйек. 7 kun.kz — ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болып Бауыржан Бекешев тағайындалды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Тимур Сүлейменов жаңа орынбасардың алдында халықаралық экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық, сауда және сыртқы сауда қызметі мәселесіне жетекшілік ету тұрғанын хабарлады.
«Бауыржан Бейсенбайұлының бұл мәселеде зор тәжірибесі бар: түрлі жылдарда ол Қазақстан Республикасының индустрия және сауда, экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму министрліктерінде, Еуразиялық экономикалық комиссиясында жұмыс істеді», - деді ол.
Бауыржан Бекешев еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды қаласында өндіріске оқыту шебері қызметінен бастаған.
2008–2014 жылдары индустрия және сауда, экономика және бюджеттік жоспарлау, экономикалық даму және сауда, өңірлік даму, ұлттық экономика министрліктерінде түрлі қызметтерді атқарған.
2014 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры болып жұмыс істеген.
Бауыржан Бекешев Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 22 қыркүйектегі №582 қаулысымен вице-министр болып тағайындалды.
Айгүл Хожантаева