Алматы. 26 сәуір. 7kun.kz – Бірыңғай жиынтық төлемді SMS арқылы төлеуге болады, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
«KCell мен Beeline ұялы операторларының пайдаланушылары БЖТ-ны SMS арқылы төлей алады. Төлем жасау үшін 5505 нөміріне «gorodesp ЖСН» (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін) және «seloesp ЖСН» (басқа елді мекендердің тұрғындары үшін) мәтіні бар SMS жолдау қажет», делінген хабарламада.
Төлем сол аймен ғана түседі. Оның комиссиясы 100 теңге. Астана, Алматы, Шымкент, сондай-ақ облыс орталықтары үшін төлем мөлшері 1 АЕК яғни 2 525 теңге. Барлық басқа елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ мөлшері 0,5 АЕК немесе 1 263,5 теңгені құрайды.
Бірыңғай жиынтық төлем табыс алу мақсатында қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға арналған. Олар мынадай шарттарды сақтауы тиіс. Мысалы жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбауы, жеке тұлғалар үшін қызмет көрсетуі тиіс.
Бұл ретте күнтізбелік жылдағы шекті табыс жылына 1 175 АЕК (2019 жылы - 2 миллион 966 мың 875 теңге) аспауы тиіс.
БЖТ мынадай азаматтарға қолданылмайды: Сауда-ойын-сауық орталықтарының аумағында қызметтер көрсететін; жеке практикамен айналысатын; тұрғын үйді қоспағанда, үй-жайларды жалға беретін; оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар болып табылатын; жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген.
«Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу сондай-ақ банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік шотына аударуға болады», делінген хабарламада.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024