Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бизнесті тексеру бойынша талаптар қысқаруы мүмкін

Бизнесті тексеру бойынша талаптар қысқаруы мүмкін

Аcтана. 2 қазан. 7kun.kz — Бүгінде Үкімет мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қысқарту жұмыстарын қолға алды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды. 

Тексеріс қорытындысы бойынша, бақылау мен қадағалаудың бірқатар салаларын қысқарту, бизнесті тексеру бойынша талаптардың жартысына жуығын шектеу туралы ұсыныс білдірілді.

Бұл ретте, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында талаптардың шамамен 85 пайызы, өрт қауіпсіздігі саласында талаптардың 72 пайызы қысқартылған. Сондай-ақ, қайталанатын және мемлекет пен тұтынушы қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін, мемлекеттік органдардың 540 бақылау және қадағалау функцияларының 165-ін олардың штат санын қайта қарау мен оңтайландыру арқылы шектеу ұсынылған.

Уәкілетті органдардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 30 бабы бойынша әкімшілік іс қозғауға құзыреттілігі мен баптары алынып тасталады, алдын ала бақылау институты іске қосылған. Жалпы алғанда, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар 2018 жылға қарай тексерістер санын 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

Айта кеткен жөн, монополист кәсіпорындар, квазимемлекеттік кәсіпорындар беретін рұқсат құжаттарына да ауқымды тексеріс жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда, осындай кәсіпорындар беретін рұқсат құжаттарының тізімі бар, ол 69 рұқсат құжатынан тұрады. Аталған тізім жеткілікті әрі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңның қосымшасы ретінде бекітіледі.

2016 жылдың мамырында «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қолданысқа енгізілген. Заңға сәйкес актілер қабылданып, салаларда «өзін-өзі реттеу» институтын енгізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Өзін-өзі реттеу ұйымдарын құру шарттары заңнамалық негізде реттелген. Аталған ұйымдардың қызметі шығарылатын тауарлар мен ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ, өндірушілердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Айгүл Хожантаева

Похожие материалы