Соңғы жылдары блогер деген түсінік пайда болды. Оның нақты кім екені де даулы. Әлеуметтік желіге тіркеліп, күнде жазба жазаттынның бәрін блогер дейтін болды. Кейбіреулер блогер тек әлеуметтік желінің ғана қолданушысы емес, жеке блогы бар, ақпарат таратуға маманданған адам дейді. Алайда, Қазақстанда блогер деген біз көрсеткен бірінші түсініктің аясында танылып жатыр. Бәлкім, алыстағы ағайын тани қоймас, бірақ интернетте отыратын көпшілік блогердің әр жазбасына лайк басып, одан қалса бөлісіп отырады. Осы орайда "блогер" деген кім деген сұрақтың туындауы заңды. 7kun.kz тілшісі блогерліктің майын ішіп, жілігін шаққандармен сұхбат жүргізіп, бұл мамандықтың біраз сырын ашқандай болды.
Блогты үйде отырып сіз де жаза аласыз. Белгілі бір тақырыпқа байланысты ой-пікіріңіз, қала берді ұсынысыңызды жеткізе аласыз. Халықтан қолдау тауып кетіп жатсаңыз, бірте-бірте табыс тауып кетуіңіз де ғажап емес. Алғашқыда бүкіләлемдік желіні ойлап тапқан Тим Бернерс Ли “weblog” деген атауды енгізеді. Сәйкесінше, ең алғашқы блогер де Тимнің өзі. Бастапқыда блог ретінде автор жаңа сайттар туралы ақпарат, желі жаңалықтарын салып отырған. Сол кезде блогтың осыншалықты кең құлаш жаярын Тим мырза елестетіп те көрмеген болар. Бүгінде блог сөзінің аясында тек мәтін ғана емес, видео, фото да бар. Яғни, блогтың ауқымы өте кең. Видео түсірушілер өздерін vlogger деп атағанды жөн көрсе, сұлулық жөнінде кеңес берушілерді фэшн-блогер немесе бьюти-блогер деп атайды. Өз алдына тақырып таңдап, сол саланың маманы ретінде көріну - сізді ерекше етеді. Сүйікті салаңызға қатысты іс-шара өтетін болса, сіз қадірлі қонақ боласыз. Барлық жетістіктің басы - еңбекте. Сол себепті "жұлдыз" болу оңай емес.Блогер деген кім? Оның қоғамға ықпалы мен пайдасы:
Блогер деген әлеуметтік желі белсендісі, пост жазушы деген пікір бар. Және желіге жазба жазғандардың бәрін блогер дейтіндер бар. Енді бірі бұл пікірге түбегейлі қарсы. Ол - қоғамға танымал, айтар ойы бар және ең бастысы - арнайы блогтұғырда жазба жазатын адам дейді. Елімізде қазақ тілді блог енді-енді дамып келеді. Салалық блог жүргізу көпшіліктің хоббиіне айналған. Бүгінде massaget.kz, kerekinfo.kz, aitaber.kz сынды блогтұғырлармен көпшілік таныс. Аталған блогтұғырлар қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Алды - алғашқы үздік 50 сайттың ішінде болса, соңы - үш жүздікке табан тіреген. Бұл - жаман көрсеткіш емес. Яғни, қазақ тілді блогтың болашағы бар деп тұжырым жасауға болады. Журналистикаға алғашқы қадам бала кезден газетке мақала жазудан емес, блогтұғырға блог жазудан басталып жүргені де жасырын емес. Танымал блогерлер аталған сұраққа қалай жауап берді?Ескерту! Сурет thinglink арқылы жасалған. Блогерлердің пікірлерін нүктелердің үстінен шерту арқылы оқи аласыз.
Блогерлер болу қандай-ды...
Блогер болудың алғышарттары:- Блогыңыз жөнінде жан-жақты білім алу;
- Ақпаратты тауып қана қоймай, жеткізе білу
- Жазатын блог тұғырыңызды басқара білетіндей білім (консольдарын басқару);
- Оқырманға не қызықты болатыны турасында зерттеу жүргізу;
- Жауапкершілік сезімінің болуы.
Блогерліктен табыс бар ма?
Атағы жер жарған білдей блогерлер құр атақпен күн көріп жүр ме? Әлде, нағыз ақшаның айналып тұрған жері осы ма? Әлемдік тәжірибеде блогерлік арқылы табыс табуға болады. Және аз емес, үлкен табысқа кенелуге болады дейді. Әр жазбаның өзіне тән құны да түрліше. Бізде орта есеппен әлеуметтік желідегі бір пост құны - 50-100 доллар арасында. Одан бөлек, тек мақтаудан тұратын арнайы тапсырыстар да түсіп тұрады. Ол кезде тек пост емес, көлемді материалдар жазу керек боп қалуы мүмкін. Блогерлер табысты мынадай жолдармен табады:- Блогтурларға шығу (белгілі бір компанияның ұйымдастыруымен өтеді. Ақпараттық қолдау жасау);
- Тапсырыс материалдар (оқырман санына орай құны белгіленеді);
- Байқаулар (жылына 2-3 байқаулар өтіп тұрады);