Алматы. 24 желтоқсан. 7kun.kz — Америкалық корпорацияның директорлар кеңесі басшылықтың ауысқаны туралы жариялап, Boeing компаниясын 2015 жылдан бері басқарған бас директор Деннис Мюленбургтің отставкаға кететінін хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Boeing бас директорының міндетін уақытша атқарушы болып компанияның қаржы директоры Дэвид Калхун тағайындалды.
Компанияның мәлімдемесінде Деннис Мюленбург "бас директор және директорлар кеңесінің директоры лауазымынан отставкаға кетті" делінген.
Boeing директорлар кеңесі басшылықтың ауысуы туралы шешім "компанияға деген сенімді қалпына келтіру үшін қажет болды" деп атап өтті. Өз кезегінде, инвесторлар бұл жаңалыққа оптимистік көзқараспен қарады: Нью-Йорк қор биржасындағы сауда-саттық кезінде Boeing акциялары 2,8%-ға қымбаттады.
Еске сала кетейік, Индонезия мен Эфиопияда компанияның Boeing 737 Max ұшақтары әуе апатына ұшырап, 346 адамның өмірін қиды. Бұл трегедия Boeing тарихындағы ең ауыр дағдарыстардың біріне алып келді және 2019 жыл ішінде компания оны еңсеруге күш жұмсады. Бүгінгі таңда, әлемнің бірқатар елдерінде Boeing 737 Max ұшақтарына тыйым салынған.