Алматы. 5 шілде. 7kun.kz - Қазақстан Республикасының Президенті ҚР Қылмыстық кодексінен «Жалған кәсіпкерлік туралы» 215-бапты алып тастады.
4 шілде күні Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойды.
Бүгінгі күннің айтулы оқиғасы бойынша біз Елбасыға ғана есеп беретін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовке жолығып, әңгімелескен едік.
«Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру керектігі жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы өзінің жолдауында баса айтқан болатын. Өңірлерді аралап, бизнес өкілдерімен кездескен кезде кәсіпкерлердің қылмыстық заңнамаға көп шағымданатына көзіміз жетті. Кәсіпкерлер елдегі жүйенің ескертуден гөрі, жазалауы басым екендігін айтып шағымданады, сондай-ақ экономикалық істерге қатысты заңдар жазалаушы сипатта екендігін жиі қозғайды. 2016 жылдан бері Ұлттық палатаға Қазақстанның барлық аймағынан жалған кәсіпкерлік бойынша 200-ден астам шағым түсті. Мен кездескен бизнесмендердің көпшілігі осы проблеманы көтерген болатын. Сондықтан аталған проблемаға аса байыппен қарадық», - дейді бизнес-омбудсмен.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында өткен кеңейтілген отырыста бизнес-омбудсмен Қылмыстық кодекстің «Жалған кәсіпкерлік туралы» 215-бабын өзгертуге қатысты Ұлттық палатаның бастамасын қолдаған болатын.
«Жалған кәсіпкерлермен байланыста болған контрагенттердің заңсыз әрекетін мынадай жеке құрам ретінде саралау керек: салық төлеуден жалтару, банк несиелері, міндетті тексеру жұмыстарын жүргізу кезіндегі алаяқтық», – деген еді Болат Палымбетов.
Мұндай тәсілмен құқық бұзушылық құрамы қалыптасады, яғни кәсіпорынның жалған тұлғаның атынан құрылғанын дәлелдесе жетіп жатыр. Бұл жерде жауапкершілік бөтен адамның құжаттарын пайдаланып компания құрғандарға, сондай-ақ құжаттарын компания құру үшін әдейі көрсеткендерге жүктеледі.
«Әрине, жалған кәсіпкерлік туралы баптың алынып тасталуы жақсы жаңалық. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қуаныш, өйткені миллиондаған қосымша салықтар төлеуге мәжбүр болатын адал контрагенттердің мәселелері шешілді. Бизнестің тынысы кеңейді. Елбасы жалған кәсіпкерлікке нүкте қойды. Неге алаяқтардың іс-әрекетіне адал кәсіпкерлер жауап беруі тиіс? Шын мәнінде, оларға миллиардтаған салықтар, айыппұлдар мен өсімдерді төлеу жүктеледі. Ал салықтан жалтару үшін жалған кәсіпкерліктің қызметіне жүгінген жауапсыз кәсіпкерлер жазасын алуы тиіс. Бұл – кәсіпкерлердердің жанайқайы болатын! Жалпы, егер заңның қандай да бір бабы бойынша адал кәсіпкер зардап шегетін болса, онда ол бапты міндетті түрде ауыстыру керек немесе мүлде алып тастау керек», - деп түйіндеді өз ойын Болат Палымбетов.
Аталған заңға қол қойылған күннің «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңға осыдан төрт жыл бұрын қол қойылған күнмен тұспа-тұс келуі бизнеске деген тың бетбұрыстың көрінісі болса керек.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024