Экономика
Бундестаг Грекияға қаржылай көмектің үшінші пакетін бөлуді құптады
Бүгін Бундестагтағы дауыс беру нәтижесі бойынша Грекияға үшінші рет қаржылай көмек көрсету туралы ұсыныс қолдауға ие болды.
Жаңа қолдауды басқарушы Германияның христиандық-демократиялық одағы, христиандық-әлеуметтік одағы және Германияның социал-демократиялық партиясының жетекші коалициясының, сонымен қатар «жасылдар» партиясының депутаттарының басым бөлігі қолдады. Грекияға қолдау көрсету үшін 454 депутат дауыс берді, 113 парламентші қарсы шықты, ал 18-і қалыс қалды.
Бүгін кешке қаржы министрлері телефон арқылы конференция өткізіп, Грекияға 26 млрд еуро көлемінде алғашқы траншты аударуды құптайды деп күтілуде. Үшінші рет бөлінетін қолдау пакетінің жалпы сомасы 86 млрд еуроны құрауы тиіс.
Айта кетейік, Германияның қаржы министрі Вольфганг Шойбле Бундестагта сөйлеген сөзінде неміс парламентаршілерін Грекияға 86 млрд еуро көлемінде үшінші рет көмек көрсетуді қолдауға шақырған еді.
«Әрине, соңғы жылдар мен соңғы айлардағы тәжірибеден кейін барлығы тиімді болады деген кепілдік жоқ және күмән болуы орынды, - деді Шойбле өз сөзінде. - Алайда грекиялық парламент келісілген шаралардың басым бөлігін мақұлдағанына байланысты мүмкіндікті пайдаланып, Грекия үшін барлығын қайтадан бастамасақ жауапсыздық болар еді».
inform.kz