Алматы. 4 ақпан. 7kun.kz – Цеснабанк S&P Global Ratings агенттігінің банк рейтингін "SD" деңгейіне дейін түсіргенімен келіспейді. "Цеснабанк" АҚ баспасөз қызметі осылай мәлімдеді.
"Банк S&P Global Ratings атына өзінің рейтингтік әрекеттерімен үзілді-кесілді келіспейтіндігін жолдады және осы агенттікпен одан әрі ынтымақтастықтың орындылығы туралы мәселені қарастыратын болады", - делінген хабарламада.
Банк өкілдерінің түсіндіруінше, аталмыш рейтингтік іс-әрекетті агенттік облигациялардың бір шығарылымы талаптарының өзгеруіне байланысты ғана жүзеге асырды және банктің басқа міндеттемелерді орындауына жатпайды.
"TSBNb33 облигацияларын шығару шарттары осы бағалы қағаздарды ұстаушылармен келісе отырып, қатаң түрде өзгертілгеніне назар аударамыз. Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында облигацияларды ұстаушылардың жиналысы өткізілді,онда бағалы қағаздарды шығару шарттарын өзгерту туралы шешім бірауыздан қабылданды. Бұл шешім Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында Қазақстан Үкіметі, облигация ұстаушылар немесе олардың акционерлері, Қазақстан Ұлттық Банкі, "Цеснабанк" және басқа да қатысушылар арасында жасалған Негіздемелік келісімнің тараптары ретінде Цеснабанк мен облигация ұстаушыларымен қабылданды", - деді баспасөз қызметі.
Бұл шара қарыздық жүктемені төмендетті және аграрлық сектордың ірі кредиторы ретінде Цеснабанк міндеттемелерінің мерзімін ұзартқан.
Банктің пікірінше, олигациялардың шығарылым шарттарына өзгерістер енгізу инвесторлардың келісімімен жүзеге асырылғандықтан, ол ішінара дефолт болып саналмайды.
"Біз агенттік рейтингті банк ұсынған барлық ақпаратты тиісті есепке алмай өзгертті деп санаймыз. S&P Global Ratings агенттігі рейтингтік комитет өткізгенге дейін осы мәселені егжей-тегжейлі талқылаудан бас тартты. Банк Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен реттеуші органдарының өкілдерімен конференцияға қатысуды ұсынды. Олар TSBNb33 облигацияларын шығару шарттарының өзгеруіне байланысты қосымша түсініктеме беруге дайын", - деп атап өтті қаржы институты.
S&P "Цеснабанк" АҚ-ның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді несиелік рейтингтерін "В-/В"-дан "SD"-ге дейін және ұлттық шкала бойынша банк рейтингін "kzBB -"-дан "SD"-ге дейін төмендетті.
Сонымен қатар, S&P Цеснабанк қамтамасыз етілмеген борышының рейтингін "В-"-дан "СС"-ға дейін және "kzBB-" -дан "kzCC"-ға дейін төмендетті, оларды CreditWatch Negative тізіміне енгізді.
Қазіргі уақытта айналымда 1,087 трлн теңгеге "Цеснабанк" облигацияларының 23 шығарылымы бар.
Үкімет пен Ұлттық банк қыркүйекте Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде АӨК секторына берілген 450 млрд теңгенің валюталық кредиттерінің портфелін Цеснабанктен сатып алуға ниет білдірді.
«Цеснабанк» АҚ-ның негізгі акционері - «Цесна» қаржы холдингі (68,58%), оның бенефициары Қазақстан президентінің әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбеков.
Ұлттық Банктің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың қорытындысында Цеснабанк Қазақстанның 28 банкі арасында активтер көлемі бойынша 4-ші орынды иеленді.