Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

"Даму" пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетеді

"Даму" пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетеді

Карантин кезінде табысынан айырылған немесе шығынға ұшыраған 6000-ға жуық кәсіпкер несиесін қайта қаржыландыра алады.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі бекіткен «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулыға енген өзгерістерге сәйкес, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ несиені қайта субсидиялау бойынша жұмыс бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы барысында айтылған тапсырмасы бойынша, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсетіліп, несиелер жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландырыла (субсидиялана) бастады. «БЖК-2025» бизнесті қолдау бағдарламасына бекітілген өзгерістерге сәйкес, COVID-19 пандемиясы мен карантин шектеулері кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер 2020 жылғы 31 тамызға дейін банктен алған несиелері мен лизинг мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы субсидиялай алады.

Қаулыда екінші деңгейлі банктерге өтініш беру мерзімі биылғы  30 қазанға дейін деп көрсетілген. Ол бойынша «Даму» Қоры банктер берген тізілімдер мен сауалнама-өтініштер негізінде 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде субсидиялау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.

Қазір банктер кәсіпкерлерден қарыздарын субсидиялау үшін келіп түскен 5921 сауалнама-өтінішті «Даму» Қорына берді. 3574-нан астам өтініш қаралып, «мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін қойылатын шарт талаптарына сәйкес келеді» деген оң шешім қабылданды.  

Осы қолдауды пайдалана алатын компаниялар мен кәсіпорындар қатарында бөлшек сауда, қонақ үй бизнесі, туристік агенттіктер, кинотеатрлар, фитнес-орталықтар, көлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру және т.б. салаларда жұмыс істейтін ШОБ субъектілері бар. Жалпы тізбеге 29 қызмет түрі енгізілген.

Осы мемлекеттік қолдау шарасы 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2021 жылғы 15 наурызға дейінгі субсидиялау кезеңіне арналған. Қолдау шарттары бойынша, кәсіпкер номинал сыйақы мөлшерлемесінің 6%-ын ғана төлейді. Ал кредит/лизинг мәміле бойынша номинал сыйақы мөлшерлемесі мен кәсіпкер төлейтін мөлшерлеме арасындағы айырманы мемлекет қаржы агенті – «Даму» Қоры арқылы өтейді.

Банктер қарыз алушыларды өтінімнің мақұлданғаны туралы хабардар етеді. Ресімдеу шаруаларын аяқтау үшін кәсіпкер банкке бұрын берілген өтініш негізінде банктік қарыз шартын немесе қолданыстағы шарттарға қосымша келісім жасасу үшін несие берген банкке жүгінуі қажет. Бұл ретте, субсидияланатын қарыздар бойынша 6%-дан асатын пайыздық сыйақыны өтеу үшін артық төленген сома кәсіпкерге банкке ақша аудару арқылы өтеледі. Оны борышкер кейіннен осы несиенің пайызын өтеу үшін пайдалана алады. Сома қалған жағдайда ол борышкерге қарыз мерзімінің соңында төленеді. «Даму» Қоры мақұлдаған және банктермен қосымша келісімге қол қойылған күннен бастап субсидияланатын қарыздар бойынша кезекті төлемдерді кәсіпкер төмендетілген мөлшерлеме бойынша енгізеді.

Похожие материалы