«Даму» Қоры мен «Shinhan Bank Kazakhstan» АҚ мүгедек кәсіпкерлерге көмек көрсетті
Алматы. 13 мамыр. 7kun.kz - Бүгін Алматыда өткен көрме-жәрмеңке барысында «Даму» Қоры мен «Shinhan Bank Kazakhstan» АҚ мүгедек кәсіпкерлерге демеушілік жасап, кәсіп ашуға қажетті жабдықтар сыйға тартты.
«Даму» Қорының «Даму-Көмек» жобасы аясында «Shinhan Bank Kazakhstan» мүгедек кәсіпкерлерге құны 17,4 мың доллар (5,5 млн тг) болатын 18 тігін машинасын сыйлады. Техниканы «Shinhan Bank Kazakhstan» Басқарма төрағасы Ким Хен Хван табыстады. Енді ынталы мүгедектер кәсібін ашып, бизнесі барлары ісін дамытуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар «Shinhan Bank Kazakhstan» 18 кәсіпкерге есепшот ашып, істерін бастап кету үшін әрқайсына 100 мың теңгеден қаражат құйды. Кәсіпкерлер алдағы уақытта осы қаражатқа көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүгедек балаларды күндіз бағатын орталықтардан тапсырыс қабылдайды. Оларға төсек жабдықтары, ұлттық киімдер, балалар үйі мен әлеуметтік мекеме қызметкерлері үшін арнайы біркелкі киім сияқты қажетті заттарын тігіп береді.
«Даму» Қорының Басқарушы директоры Ғабит Лесбековтің айтуынша, «Даму-Көмек» жобасы жүзеге асырыла бастаған 7 жыл ішінде www.damu-komek.kz сайты арқылы республика бойынша 2 342 өтінім түскен. Оның ішінде 1 945 мүгедек жанға көмек көрсетілді.
«Даму-Көмек» жобасының демеушілері – кәсіпкерлер, ірі бизнес иелері және банктер. Мүгедектерді көмек көрсету жөніндегі бастамамызды қолдағаны үшін Шинхан Банкке ризамыз. Бұл – мүгедектер үшін тапсырыс тауып, бизнестерін кеңейтуге деген үлкен мүмкіндік. «Даму-Көмектен» басқа Қорда «Жұлдыздарға қара» жобасы да жүзеге асырылып келеді. Ол бойынша мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер құрал-жабдыққа деп 300 мың теңгеге дейін грант ала алады. Қазіргі уақытта 50 млн теңгеден астам қаржыға 250 грант берілген. Өткен жылы біз «Мүгедек әйелдердің кәсіпкерлік дағдыларын дамыту» атты бағдарламаны қолға алдық. Бұл бағдарлама әйелдерді сұранысқа сай кәсіп түріне оқытып, дайындап, бизнес-жоспар құруға бағытталған. Қазір 50 мүгедек әйел жұмысқа тұрып, 90-ы кәсіптік дайындықтан өтті», - деді «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту Қорының Басқарушы директоры-басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков.
Шара аясында мүгедек кәсіпкерлердің көрме-жәрмеңкесі өтті. Көрмеге кәсіпкерлердің қолдарынан шыққан зергерлік бұйымдар және өздері тіккен киімдер мен көрпелер қойылды. Жәрмеңкеге келушілер өздері ұнаған дүниелерін сатып алып, алдын-ала тапсырыс беруге де ұсыныстарын білдірді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024