Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ақышев: Банктердің клиенттермен өзара қарым-қатынастары жаңа деңгейге шықты

Ақышев: Банктердің клиенттермен өзара қарым-қатынастары жаңа деңгейге шықты

Алматы. 13 қыркүйек. 7kun.kz — Қазақстан банктері клиенттерге онлайн режимде 24/7/365 форматында қызмет көрсетуге біртіндеп өтіп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Астана қаласында өткен Цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесінде айтты, деп хабарлайды Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Қазақстанның бірқатар банктерінде биометриялық технологиялар – дауыс бойынша тану, фотосурет немесе бейне негізінде келбетті сканерлеу қолданылып жатыр.

Банктердің клиенттері банк шоттарын, төлем карточкаларын, депозиттер ашу, кредит алу үшін банк бөлімшесіне келуі міндетті емес. Мұндай қызметтер онлайн түрде көрсетіледі. Банктердің клиенттері әлеуметтік желілердің көмегімен төлемдер жүргізіп, өзге де қаржылық қызметтерді ала алады.

«Смартфон клиенттің банкпен қарым-қатынас жасауының жаңа арнасы болады. Ұлттық Банк Үкіметпен және банк қоғамдастығымен бірлесіп мобильді қаржылық қызметтерді дамыту жұмысын жүргізіп жатыр. Мобильді құрылғыны нақты уақытта пайдалана отырып, оның ішінде мобильді телефон нөмірімен азаматтар арасында төлемдер жүргізуге мүмкіндік беретін мобильді төлемдердің P2P деп аталатын жаңа буынын жасау мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Д.Ақышев.

Оның айтуынша, мұндай шешім төлемдерді жылдам әрі қолайлы жүргізуге мүмкіндік береді, төлемдерді қабылдауды ұйымдастыру үшін қымбатқа түсетін инфрақұрылымның болуы да қажет болмайды.

«Ұлттық Банк жаңа технология – халықтың бағалы қағаздарды сатып алу және сату операцияларын блокчейн негізінде жүргізуіне арналған мобильді қосымшаны әзірлеуді аяқтады. Ұсынылып отырған шешім азаматтарға онлайн режимде салық пен комиссия төлемей, Ұлттық банктің ноттарын брокерлер мен дилерлер арқылы делдалдарға жүгінбей-ақ мобильді телефоннан сатып алуға және сатуға мүмкіндік береді. Абсолютті өтімділік және иелену мерзімдері бойынша ешқандай шектеулер жоқ», деді Ұлттық Банктің басшысы.

Ұлттық Банк 2016 жылғы қарашада «ҚҰБ Online» мобильді қосымшасын іске қосқан. Оның негізгі екі функциясы бар. Біріншісі, телефоны бар кез келген адам Ұлттық Банкке сұрақ қойып, жауапты 5 сағат ішінде өзінің телефоны арқылы ала алады. Екіншісі, қаржы саласындағы жаңалықтар мен маңызды оқиғалар шұғыл түрде жіберіліп отырады.

«ҚҰБ Online» мобильді қосымшасы жұмыс істегеннен бергі 10 айда 10 мыңнан аса пайдаланушының тіркелген, азаматтардан 2 000-нан аса өтініш келіп түскен.

Айгүл Хожантаева

Похожие материалы