Алматы. 14 маусым. 7kun.kz - Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев бүгін ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында баяндама жасай отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Ол сақтандыру бойынша түзетулерде 5 негізгі бағыт ұсынылғанын атап өтті: онлайн-сақтандыруды енгізу, шетелге шығатын қазақстандықтарды сақтандыру тәсілдерін өзгерту, жүктелген сақтандыруды енгізу, сақтандыру омбудсманының функцияларын кеңейту арқылы дауларды реттеу тетігін жетілдіру, сондай-ақ өмірді сақтандырудың әлеуметтік маңызды түрлері бойынша қосымша кепілдік беру жүйесін кеңейту.
Онлайн-сақтандыру туралы айта келе, Д. Ақышев Қазақстанда өңірлердегі, бірінші кезекте облыс орталықтары мен ауылдардағы қаржылық қызметтердің қолжетімділігі маңызды екендігін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз - қашықтан сақтандыру қызметтерін алған кезде азаматтар үшін жағдай жасау. Халық пен кәсіпорындар сақтандыру компаниясының кеңсесіне бармай және агенттердің делдалдық қызметтерін пайдаланбай, интернет арқылы шарттар жасай алады. Шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындарына сақтандыру полисі үшін облыс орталығына бармайтын немесе делдалдардың қызметіне жүгінбейтін жағдай жасалады. Болашақта делдалдардың болмауы сақтандыру құнын төмендетуге әкеледі», - деп атап өтті.
Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы сонымен қатар онлайн-сақтандыруды енгізу заңнамалық түзетулерді ғана емес, мемлекеттік органдардың ауқымды жұмысын да талап ететіндігін атап өтті.
«Министрліктер мен ведомстволардың дерекқорларын ықпалдастыру жылдамдатылды. Қадағалау органдарының техникалық жабдықталуын арттыру талап етіледі. Азаматтардың сақтандыру дерекқорындағы барлық деректерінің барынша қорғалуын қамтамасыз ету қажет», - деп қорытындылады ол.