Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өтті
Алматы. 8 қазан. 7kun.kz – «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді. Онда 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін білдіретін Коалиция мүшелері Жолдауда көрсетілген басымдықтардың маңызына тоқталып, жаңа стратегиялық құжатты іске асырудың нақты тетіктерін айқындады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміздің əлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мəселелеріне жəне қазақстандықтардың əл-ауқатын одан əрі арттыру міндеттеріне арналған биылғы Жолдау Елбасы саясатының беріктігі мен тұрақтылығын көрсететінін айтты.
– Елбасының Жолдауында қоғамда қызу талқыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы сол мәселелерді шешу үшін нақты шараларды ұсынып отыр. Атап айтқанда, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағдайын жақсарту, баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы қордаланған мәселелерді шешу, тарифтерді шектеу және жолдарды жөндеу, қоғамдық қауіпсіздік секілді мәселелер көтерілгенін білеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған мәселелерді шешуге бағытталған Елбасы ұсыныстарын жүйелі сипатқа ие екенін айтты.
– Ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көбейту миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетін шара. Сонымен бірге, денсаулық сақтау мен білім беру саласына бөлінетін қаражат та көбейетін болады. Бұл шаралардың бәрі жүйелі түрде Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ жиын барысында Елбасы айқындап берген әлеуметтік жаңғырудың негізгі басымдықтары Қазақстанды өмір сүру деңгейі жағынан әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосатын негізгі тетік екені айтылды. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы нақты бағыттар бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізбек.
– Біріншіден, барлық саяси партиялар және қоғамдық күштер мен мемлекеттік емес ұйымдар бірігіп, Елбасы ұсыныстарының мәні мен маңызын халыққа түсіндіруге атсалысуы керек. Екіншіден, аталған ұйымдар Жолдау басымдықтарын жүзеге асырудың тиімді тетіктерін талқылап, оны Үкіметпен бірлесіп атқаруға үлес қосуды көздеп отыр. Үшіншіден, «Нұр Отан» басқа да саяси партиялармен және мемлекеттік емес ұйымдармен күш біріктіріп Жолдаудың жүзеге асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізуді қолға алады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшысының ұсыныстарын барлық негізгі саяси партиялар мен қоғамдық күштер қолдап отырғанын, оған демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының жиналысы дәлел екенін тілге тиек етті.
Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында Коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, Қазақстан азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов, «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» Кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен және «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев сөз алып, Жолдауда көрсетілген бастамалар халықтың тұрмыс деңгейін жаңа деңгейге көтеретінін айтты.
Іс-шара соңында Жолдауға қолдау білдірген, еліміздің барша азаматтарын жылдың басты құжатын талқылау, түсіндіру және іске асыружұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024