Партиялар - демократиялық һәм азаматтық қоғам қалыптастыруда маңызы зор институт. Бүгінде Қазақстанда заңды түрде тіркелген алты партия болса, оның үшеуі осы жылдың наурызында болған сайлауда қажетті дауыс санын алып, парламентке енді. Дегенмен, саясаттанушылардың айтуынша, Қазақстандағы партиялар демократияның декорациясы ғана болып, өздерінің негізгі функциясын дұрыс атқармай отыр.
«Партия боп тіркелу қиын»
Бүгінде Қазақстанда ерікті түрде жұмыс істейтін он шақты партия бар, оның алтауы – заңды түрде тіркеуден өткен. Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, саяси партиялардың белсенділігінен бұрын, олардың тіркеліп жұмыс істеуіне мемлекеттің өзі мүдделі болып отырған жоқ.
- Бізде көппартиялы жүйе болғанмен, барлығы тек сөз жүзінде. «Демократия қалыптасқан, көппартиялық жүйе енгізілген» деген атақ үшін ғана жұмыс істеуіне билік рұқсат берген партиялар ғана бар. Биліктің өзі партиялардың тіркелуіне кедергі жасап, өзіне қарсы пікір айтатындарды шектеп, олардың жұмысын тоқтатуға тырысып келеді. Мысалы, «Алға» партиясын тіркемей қойды, «Халық рухы» партиясы да қанша жылдан бері қолдан жасалған кедергілерге ұшырап, тіркеле алмай жүр. Негізінен қазір биліктің сойылын соғып, сөзін сөйлейтін партиялар ғана қалды, - дейді Расул Жұмалы.
Сарапшының айтуынша, халық елде жұмыс істейтін партиялардың миссиясы түгілі, аттарын да білмейді. Маман бұған «сайлауалды науқанында ғана жалт ететін партиялардың өздері» мен «пікір алуандығын шектеп отырған» биліктің саяси жүйесін кінәлайды. Ал саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстанда демократиялық институттар түгелдей тәуелсіз емес, яғни көппартиялы жүйе бар болғанмен, сөз бостандығы, әділетті сайлау секілді институттар жоқ. «Олардың бәрі толықтай орнамайынша, партиялардың белсенділігінен дәмелену – бос тірлік» дейді сарапшы.
- Бізде партиялардың барлығы жоғарыдан құрылған, халықтың өзі құрған партиялар аз. Оның үстіне, қоғамда партиялар жұмыс істейтін саяси арена қалыптаспаған. Қандай партияның жеңіп шығатынын бәрі біледі, оның қасына «ұят болмасын» деп бір-екі партияны ғана қосып қояды. Сосын ондай «партиялар ойнына» ешкім қызықпайды да, қосылмайды да. Бұл – тек сыртқы елдерге демократия бар екенін көрсету үшін жасалған жоба, - дейді саясаттанушы.
Айта кетейік, 2002 жылғы шілденің 15-інде «Саяси партиялар туралы» жаңа заң қабылданды. Оған дейін елімізде 19 партия болған. Аталған заңдағы жаңа ереже бойынша, партия болу үшін оның 50 мың мүшесі болуы керек. Мұндай талап қойылғаннан кейін жеті партия жұмысын тоқтатып, 12 партия ғана тіркеуден өте алған. Дос Көшім 90-жылдары 3 мың адам бірігіп, партия құра алатынын кездер болғанын, бірақ кейіннен оны 40 мыңға дейін көтерілгенін айтады. «Көптеген елде мұндай шарт жоқ. Бұл шама тым жоғары. Турасын айтқанда мемлекет демократияның дамуына заңды негізде шектеу қойып қойды», - дейді Дос Көшім.
https://www.youtube.com/watch?v=6NSvwhk2tqg«Сайлау әділетсіз өтеді»
Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай соңғы сайлауда парламентке үш партия парламентке Қазақстанның өзге елдер алдындағы абыройын сақтап, демократияның дәлелі үшін ғана өткізілгенін айтады. Сарапшы пікірінше, партиялар арасында сайлау науқаны кезінде саяси идеологиялардың қақтығысы болмайды да, болса да қарабайыр түрде ғана өтеді.
- Бізді бір партияның ғана үлесі көптігі үшін халықаралық ұйымдар сынады және ол біздің имиджге әсер етті де, кейін парламентке басқа партиялар жіберілді. Бірақ олар классикалық партия ретінде өздерінің мақсаттарын орындап отырған жоқ. Билікке түрлі дәрежеде қауіп төндіретін партиялар саяси сахнадан кетті. Біздегі саяси режим партиялардың дамуына, олардың билік партияларымен бәсекелес болуына заңдық яки әкімшілік кедергілер келтіріп, мүмкіндік бермей отыр, - дейді Мұхтар Сеңгірбай.
2016 жылғы наурыздың 20-сында өткен мәжілістің кезектен тыс сайлауына бақылаушы болған ЕҚЫҰ бақылаушылары кезектен тыс сайлаудың "елеулі кемшіліктерін" айтқан еді. Азаттықта жарияланған мақалада Қазақстан ЕҚЫҰ аясында демократиялық сайлаулар өткізу туралы халықаралық міндеттемелерін орындау үшін әлі көп шаруа атқаруы керек екені жазылған.
- Қазақстанда сайлау туралы заң жетілдірілмеген, сайлауға қатысқан саяси партиялардың барлығына тең жағдай жасалмаған. Көптеген жылдар бойы билікте бір партияның үстемдігі орнаған. Мемлекеттен қаржыландырылатын баспасөз құралдары барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндік беруге тырысқанымен, БАҚ-та президенттің қызметі жөніндегі хабарлар басым болды. Бұл, әрине, билік партиясына басымдылық берді, - деген еді қысқа мерзімді миссияның жетекшісі әрі арнайы үйлестірушісі Мариетта Тидеи.
Сайлаудан соң, 21 наурызда, президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясының Астанада өткізген форумында сөйлеген сөзінде «Біз бүкіл әлемге республикамызда ашық, айқын әрі әділ сайлау өтіп жатқанын, соның нәтижесінде парламентте көппартиялы жүйе жұмыс істейтінін паш еттік», - деп мәлімдеген еді. Ал саясаттанушы Әміржан Қосановтың пайымдауынша, бізде бір партия – билік партиясы бәрін монополияландырып алған, қалғандары оның филиалдары іспеттес.
- Оппозиция ретінде билік партиясына шын мәнінде қарсы шығып, онымен таласа алатын ресми тіркелген партия жоқ. Халықшыл мықты партиялар не сот шешімінен жабылды не басынан тіркелмеді, - дейді сарапшы.
«Азаматтық қоғам әлі қалыптаспады»
Кейбір сарапшылардың пікірінше, партиялардың белсенді болмауына халықтың өзі де кінәлі. Саясаттанушы Дос Көшім Қазақстан халқына бейсаясишылдық тән екенін айтып, «көп адам демократиялық елде партияның қандай функциясы бар екенін білмейді» деп пікір білдіреді. Мұхтар Сеңгірбай елдегі азаматтық қоғам әлі де солғын екенін айтып, Еуропаға жақын ТМД елдерімен – Кавказ, Украинамен салыстырғанда әлі дамымаған деп тұжырады. Саясаттанушы Әміржан Қосанов та «Қазақстанда әлі азаматтық қоғам қалыптаған» дейді.
- Толыққанды азаматтық қоғамның институттары қалыптасуы үшін, кем дегенде, үш нәрсе орын алуы тиіс: ашық та әділ сайлау, биліктің халық алдында есеп беріп, толық бақылауда болуы, БАҚ бостандығы. Бұл үшеуі де бізде жоқ, сондықтан да бізде шынайы, қалыптасқан, ықпалды азаматтық қоғам орнай қойған жоқ. Бізде билікке сын айтып, заңдар мен бағдарламаларға балама жоба ұсынып, биліктің рұқсатынсыз партиялық тірлік таныту – өте қауіпті іс. Сондықтан да жұрт «сен тимесең, мен тиме» қағидасын ұстанып, «бәлесінен аулақ» деп, қоғамдық өмірге араласудан қашқақтайды, - дейді саясаттанушы.
Айта кетейік, мәжілістегі 107 депутаттық орынның 97-сі партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады. 2016 жылы 20 наурызда өткен сайлау нәтижесі бойынша 98 депутаттық мандаттың 84-ін - «Нұр Отан» партиясы, жетеуін – Қазақтан коммунистік халық партиясы, тағы жетеуін Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы иемденген еді.
Аян ҚАЛМҰРАТ, "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024