Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Екі апта ішінде Арыс тұрғындарына өтемақы төленеді

Екі апта ішінде Арыс тұрғындарына өтемақы төленеді

Алматы. 2 шілде. 7kun.kz — Екі апта ішінде 24 маусымдағы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақшаны 44 781 қала тұрғыны алады,бұл жалпы алғанда 4 млрд 478 млн 100 мың теңгені құрайды. Осы мақсаттар үшін 1 млрд теңге Түркістан облысының бюджетінен, 2 млрд теңге республикалық бюджеттен, ал қалған қаражат «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорынан бөлінетін болады. Айта кетейік, бүгінгі таңда Қордың көмегімен жиналған бірде-бір тиын жұмсалмаған және барлық қаражат Арысқа көмек ретінде жіберіледі.

"Қаладағы арнайы мәліметтер базасы арқылы 44781 адамды анықтап, қаражатын аударамыз. Бұл жұмыстарды 2 аптада аяқтап үлгереміз деп ойлаймын. Ешқандай құжат жинаудың, әкімдікке келіп шу шығарудың, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Әрбір тұрғын анықталып, тиісті қаражатты алады. Ал балаларының ақшасы келісім бойынша әкесінің немесе анасының есеп-шотына аударылатын болады», – деді облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев.

Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және өзге де тиісті төлемдер тәртіпке сай уақтылы берілетінін мәлімдеді.

«Қаржыдан мәселе жоқ. Зейнеткерлеріміз, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындарымыз әдеттегідей, «Қазпочта» және «Халықбанк» арқылы ақшаларын алса болады. Сондай-ақ екі мыңдай зейнеткерімізді ардагерлер үйлеріне және мүмкіндігі шектеулі 140-тай тұрғынды оңалту орталығына жіберуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Еске сала кетейік, 29 маусымда Арыс қаласына ҚР премьер-министрі Асқар Мамин бастаған делегация келді. Арнайы кеңесте қаланың барлық тұрғындарына 100 мың теңге көлемінде өтемақы беру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Арыс кәсіпкерлеріне 1%-ға 5 млн теңгеге дейін жеңілдік беріледі.

Похожие материалы