Алматы. 11 қыркүйек. 7kun.kz — Ал халықаралық рейстерде 30 пайызға өсті. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезінде Астана қаласының әуежайында қызмет көрсетілген жолаушылардың саны 1,5 млн адамды құрады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Facebook парақшасында жазды.
830 мың жолаушыға ішкі рейстер бойынша, ал халықаралық бағыттағы рейстерде 600 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетілген.
ЭКСПО-ның ресми әуе тасымалдаушысы «Эйр Астана» әуе компаниясының мәліметі бойынша, көрменің өту барысында мерекелік және демалыс күндері Астана – Алматы (90 пайызға дейін), Астана - Атырау (86 пайызға дейін) және Астана – Шымкент (80 пайызға дейін) бағыттарындағы ұшақ жүктемелері жоғары болған. Сонымен қатар, халықаралық көрменің үш айлық жұмысы кезінде 10 маусым мен 9 қыркүйек аралығында Астана – Киев (28 пайызға өскен), Астана – Мәскеу (28 пайызға өскен), Астана – Ыстамбұл (23 пайызға өскен), Астана – Париж (21 пайызға өскен) сынды халықаралық бағыттарда жолаушылар тасымалы айтарлықтай өсе түскен.
Маусым мен қыркүйек аралығында отандық әуе компаниялардың ішкі рейстерімен аймақтардан Астанаға 440 мыңға жуық өңір тұрғыны ұшып келген. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде әуе көлігімен тасымалданған ішкі рейстердегі жолаушылар саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 88 пайызға өскен.
Астана қаласына халықаралық рейстермен 300 мыңнан астам жолаушы ұшып келіп-кеткен. Жалпы, халықаралық бағыттардағы ұшақтардың орташа жүктемесі 75 пайызды құрады (2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жолаушылар ағыны 30 пайызға өсті, өткен жылы 200 мың адам ұшып келіп-кеткен).
ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде «ашық аспан» тәртібі енгізіліп, барлық шетелдік әуе тасымалдаушылар үшін Астанаға ұшу құқығы (аптасына 7 рейске дейін) берілді. Қазіргі уақытта 19 әуе компаниясы (оның ішінде 17 шетелдік және 2 қазақстандық) Астанадан 29 халықаралық бағыт бойынша рейстерді орындайды.
Қазақстанға қосымша рейстерді тарту үшін Польша, Жаңа Зеландия, Италия, Бразилия, Мексика, Пәкістан, Греция, Чехия, Швеция, Португалия, Канада, Испания, Израиль, Венгрия, Финляндия елдерінің әуе тасымалдаушыларына Астанаға күнделікті рейс орындау құқығын беретін келісімдерге қол қойылған.
Маусым айынан бастап 10 жаңа халықаралық бағыт ашылып, шетелдік әуе тасымалдаушылары Варшава, Будапешт, Хельсинки, Бейжің және Батуми, ал қазақстандық әуе компаниялары Сиань, Киев, Минводы, Ереван, Дели бағыттары бойынша ұшқан. Сонымен қатар, Бішкек, Ыстамбұл, Бейжің, Лондон, Сеул, Новосибирск, Екатеринбург, Омбы, Санкт-Петербург, Ташкент, Тбилиси сынды бұған дейін ашылған 11 бағыт бойынша аптасына 20 рейс қосылған.
Айгүл Хожантаева
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024