Астана. 21 ақпан. 7kun.kz - 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанға келетін шетелдік инвестиция 27,3%-ға өсіп, 4,5 млрд доллар құрады. Енді инвестиция мен экспорт үшін екі ұлттық компания құрылады деп хабарлады инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Оның сөзінше, бір жылдан бері инвесторлар үшін "бір терезе" принципі жұмыс істейді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 мың өтініш түсіп, 8 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. "Қазір инвесторлармен жұмысты автоматтандыру туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз бұл жұмысты осы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін аяқтаймыз. Инвестициялық омбудсмен институты жұмыс істейді. Сыртқы деңгейде инвестиция тарту бойынша жұмыс күшейтіліп, экономикамыздың негізгі инвесторлары анықталды", - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Қазір министрліктің алдында маңызды тапсырмалар тұр.
Біріншісі - осы жылдың соңына дейін инвестицияны тарту бойынша ұлттық стратегия құрастыру. Ол арқылы қазіргі экономикалық жағдайда инвестицияларды тарту үшін негізгі салалар анықталады.
"Бұл жұмыс үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларын тарттық. Инвестиция және экспорт бойынша ұлттық агенттік Kaznex Invest базасында инвестициялар бойынша компания "Қазақинвест" құрылады. Ол үкімет атынан барлық трансұлттық компаниялар және ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізеді. Ұлттық компанияны құру бойынша барлық жұмыстар алдағы екі аптада аяқталуы қажет", - деді Жеңіс Қасымбек.
Екінші тапсырма - инвестиция тарту бойынша әкімдіктердің, мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жұмысын күшейту.
Жиын кезінде экспорт мәселесі де талқыланды. Қазақстан әлемнің 117 еліне 960 түрлі тауар экспорттайды. Өткен жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт 11,5 млрд долларды құрады. Дегенмен металлургия, химия және мұнай өңдеу тәрізді салаларда төмендеу байқалады.
Осы саладағы жұмысты күшейту үшін үкімет жанынан экспорт бойынша ұлттық кеңес, ал "ҚазЭкспортГарант" компаниясының базасында арнайы "Қазақэкспорт" ұлттық компаниясы құрылады. Ол қазақстандық экспорт бойынша барлық жұмыстармен айналысуы қажет. Жеңіс Қасымбектің сөзінше, 2017 жыл экспортты қалпына келтіру жылы болады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024