Алматы. 11 қаңтар. 7kun.kz – «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 2 525 теңгені құрады.
Енді жүргізуші куәлігін алу үшін ел азаматтарына 3 156,25 теңге (1,25 АЕК) төлеу керек болады. Көлік құралын тіркеу не қайта тіркеу барысында КҚТК рәсімдеу де дәл сондай қаражатты қажет етеді. Қарапайым мемлекеттік нөмірлердің бағасы 7 070 (2,8 АЕК) болса, әдемі нөмірлер үшін он есе көп ақша жұмсауға тура келеді, ал мотоциклдер мен тіркемелердің нөмірлері 3 535 теңге (1,4 АЕК), транзиттік нөмірлер 883,75 теңге (0,35 АЕК) тұрады.
АЕК мөлшерінің артуы салдарынан сақтандыру сомасы да артты. Ендігәрі міндетті сақтандыру полисін рәсімдеу барысында жеке тұлғалар төлеуі тиіс сақтандыру сыйақысының мөлшері 4 749,5 теңгеден (Жамбыл облысында) 14 200 теңгеге (Алматыда) дейінгі соманы құрайды. Бұл сандардың түбегейлі еместігін және оның көлік құралдарының типін (жеңіл көлік, жүк көлігі, автобус және т.б.), сақтандырылған жүргізушінің санатын (оның жасы мен жол апатына ұшырамай жүргізу өтілін, т.б.), сонымен қатар автокөліктің шыққан жылын есепке ала отырып шығарылатын коефициенттерге байланысты болатынын естеріңізге саламыз.