IT, Технология
Енді асфальтта пайда болатын жарықшақтардың санын алдын-ала білуге мүмкіндік бар
Алматы. 8 қараша. 7kun.kz – Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты «Төменгі температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» атты ғылыми жаңалық ашты. Бұл туралы институт мамандары қарашаның 8-і күні өткен баспасөз конференциясында баяндады.
Ғылыми жаңалық автомобиль жолдары жарықшақтарының пайда болу себебін тәжірибе жүзінде дәлелдейді. Яғни жарықшақтардың көбеюі ауа температурасының өзгерісіне және жол жамылғысының қасиеттеріне байланысты екендігі белгілі болды. Бұл заңдылық төселінген асфальтте пайда болуы мүмкін жарықшақтар санын алдын-ала болжауға әрі осы арқылы қайта жөндеуге бөлінетін қаржы жөндеуге мүмкіндік береді.
«Ғылыми жаңалық маңызы – автомобиль жолы салынатын аймақтың температурасын, ауа-райын ескере отырып, жол жамылғысының құрамын жарықшақтары аз болатындай етіп дайындауға мүмкіндік бар. Бұл тәсілді құрамында органикалық, бейорганикалық заттар бар және ұстағыш материалдарды қолданатын салаларда пайдалануға болады», - деді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті, ғылыми жаңалықтың авторы Бағдат Бұрханбайұлы.
Аталған ғылыми жаңалық алдымен 2016 жылдың мамыр айында институттың кеңейтілген Ғылыми кеңесінде қаралып, жалпы 57 қатысушының, оның ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар, механика және автомобиль жолдары саласының белгілі мамандарының талқылауынан өтіп, мақұлданды.
Мейірім Бақытжанова «7»