Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz – Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігі қазақстандық журналистерге кәсіби халықаралық тағылымдамадан өтуге байқау жариялады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен БАҚ саласындағы біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп, қазақстандық журналистерге арналған «Еуроодақ - Қазақстан: медиа әріптестікті нығайту жолында» атты кәсіби халықаралық тағылымдамаға байқау жариялайды. Байқау Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы қатынастарды кеңейтуге әрі нығайтуға, ашық диалог қалыптастыруға және Қазақстан медиа қауымдастығында Еуропалық одақ туралы хабардарлықты жетілдіруге бағытталған», - делінген таратылған ақпаратта.
Байқау нәтижесінде ЕО институттары (Еуропалық Парламент, ЕО Кеңесі, Еуропалық Комиссия, Еуропалық сыртқы істер қызметі) мен Брюссельде медиа пулды зерделеу үшін бір апталық таныстыру тағылымдамаға қатысуға 4 жеңімпаз іріктелетін болады. Сонымен қатар жеңімпаздар Еуропалық Комиссияның күнделікті брифингтеріне қатыса алады және ішінара ЕО институттарының жұмыс тетіктерімен танысады.
Сондай-ақ, жеңімпаздар Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өтетін Еуропалық одақ-Орталық Азия министрлік басқосуға жолдама алады. Байқауға 2019 жылғы 25 сәуірге дейін өтінімдер қабылданады. Талапкер толтырылған өтінімді қосымша файлдармен және оған сілтемелермен қоса жолдайды. Білікті қазылар алқасы мен ұйымдастырушы комитеттің талапкерлерді анықтауы, тағылымдамаға қойылатын талаптарға сәйкес 2019 жылғы 10 мамырға дейін стипендияларды тағайындауы жүргізіледі.
Осыдан кейін жеңімпаздарды бекітілген бағдарлама бойынша 2019 жылғы маусымның аяғына дейін тағлымдамаға жіберіледі. Тағылымдаманың ұзақтығы жолды қоса есептегенде - 1 апта.