Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Fidget Spinner жайлы сіз білмеген қызықты 7 дерек

Fidget Spinner жайлы сіз білмеген қызықты 7 дерек

Forbes журналының мәліметі бойынша 2017 жылдың үздік ойыншығы атанған «Фиджет спиннерді» қолданатындар саны күрт көбейді. Өзіңіз де оны далада ойнап жүрген балалардың қолынан жиі байқаған боларсыз. 2017 жылы Google жүйесі арқылы жиі ізделген сұранымдардың ішінде спиннер Дональд Трамптан кейін екінші орында тұр. Бірақ соған қарамастан, оның біз білмейтін құпиялары да бар. Назарларыңызға Fidget Spinner туралы қызықты 7 деректі ұсынамыз

1. Әлемнің көптеген мектептерінде тыйым салынған

Әлемдегі дамыған мемлекеттердің көпшілігінде спиннерге тыйым салынған. Мысалы, Миннесота штатының мектептерінде оқушы сабаққа спиннерді әкелсе, жазаланады. Өйткені ойыншықтың кесірінен оқушылардың сабақ үлгерімі төмендеген. Спиннер мұғалімдерге жаңа тақырыпты түсіндіруге, сабақ өтуге кедергі келтіреді екен.

2. Ойыншықты ойлап тапқан адам одан түскен табыстан пайда көрмейді

Спиннер — көбінесе пластик немесе темірден жасалатын айналмалы антистрестік ойыншық. The Guardian, The New York Times, New York Post басылымдарының мәліметі бойынша, спиннерді 1993 жылы инженер-химик Кэтрин Хэттингер ойлап тапқан. Дәл сол жылы Кэтрин ойыншықтан аз да болса табыс көріп, 1998 жылы спиннерге патентті алып, оны патент мерзімі аяқталғанша, яғни 2005 жылға дейін өндірді.

2017 жылы Forbes журналы спиннерді «Әрбір офистік қызметкер сатып алуға тиіс ойыншық» деп жариялағаннан кейін оған деген сұраныс күрт өсті. Бүгінде спиннерге патент жоқ. Сондықтан кез келген ойыншық шығаратын компания спиннерді өндіруге құқылы. Сондай-ақ заңгерлердің пікірінше, Кэтрин Хэттингердің ойыншығы мен қазіргі спиннер бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Демек, оның ойыншыққа авторлық құқығы жоқ.

Бүгінде спиннердің қарапайым түрін 2-3 долларға сатып алуға болады. Қазақстанда ойыншықтың бағасы 600-800 теңгеден басталады.

3. Спиннер туралы видеоның көрсетілімі «Ютубта» миллионға дейін жетеді

Спиннер туралы ең қызықты видеолар санаулы күннің ішінде миллион көрсетілім жинайды. Адамдар спиннерді айналдырып қоймай, ол арқылы түрлі трюктер жасап үйренгісі келеді. Трюктердің түрі көп. Бір қарағанда оларды қайталау оңай көрінгенімен, оны көпшіліктің назарына дұрыс ұсынып, өзгелерге үйрету үшін вайнерлер мен блогерлер он сағаттан астам уақытын жұмсайды.

4. Спиннер аутизмді емдемейді

Спиннерді жасайтын компаниялар спиннердің адам денаулығына пайдасын ескеріп, оның тіпті аутизмді емдейтінін жазып жатады. Спиннер жүйке жүйесін тыныштандырып, моториканы бір қалыпқа келтіреді. Бірақ ол аутизм сынды күрделі ауруларды емдейтін негізгі құрал емес.

5. Спиннерден алынған жарақаттар

10 жастағы Австриялық бала спиннермен ойнап жатып, көзін жарақаттап алған. Бала ойыншықты айналдырып, аспанға лақтырып жібергенде, қайта қағып алып үлгермеген. Дәрігерлердің сөзінше, ойыншық көздің қарашығына құлап түскенде бала соқыр қалатын еді.

6. Виртуалды спиннерлер

Мобильді спиннерлер де қарапайым спиннерден қалыспай, күн сайын танымалдығын арттырып келеді. Қосымшада виртуалды спиннерді айналдырғанда өзге ойыншылармен уақытқа жарысуға болады. Виртуалды ақшаға спиннеріңізді жақсартып немесе өзгесін сатып ала аласыз. Google Play жүйесі виртуалды спиннерге арналған 400 қосымшаны шығарды. IOS жүйесінің қорытындысы бойынша ол Германия, Швейцария, Канадада ең көп жүктелетін қосымшалардың ішінде бірінші орынды иемденеді.

7. Әлемдегі ең қымбат спиннер

Жақында швейцариялық Octobrachia фирмасы әлем назарына ең қымбат спиннерді ұсынды. Спиннер толықтай Стив Раффнердің зергер Франк Виламен бірігіп, қолдан жасаған жұмысы. Оның салмағы 100 грам және ол 950 бриллиантпен безендірілген. Спиннердің негізін 18 караттық ақ алтын құрайды. Оның бағасы: 100 000 доллар.

Похожие материалы