Француздық «АРЕВА» мен Қазатомөнеркәсіп стратегиялық келісімге қол қойды
10 сәуір, 2017
Алматы. 10 сәуір. 7kun.kz - Бүгін Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев пен «АРЕВА» Бас атқарушы директоры Филипп Кноро Қазақстанда уран өндіру саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бағытталған маңызды келісімге қойды.
Шараға ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен «АРЕВА» Директорлар кеңесінің төрағасы Филипп Варан қатысты. Келісім бойынша тараптар 51% АРЕВА-ға, 49% Қазатомөнеркәсіпке тиеселі «КАТКО» бірлескен компаниясын одан әрі дамыту үшін бірлескен жұмыстар атқармақ. «Қазақстан мен Франция арасындағы ұзақ мерзімді атом ынтымақтастығы аясында бұл келісім екі серіктестің де экономикалық мүдделері жолындағы біздің Қазатомөнеркәсіппен жиырма жылдық серіктестігімізді нығайта түседі. Келісім Оңтүстік Төртқұдық кен орнын дамыту негізінде КАТКО үшін ұзақ мерзімге арналған жаңа мүмкіндіктер ашып, сол арқылы өндірістік қызметін екі онжылдыққа ұзартады», - деп мәлімдеді Филипп Кноро.«Сенімді серіктеспен стратегиялық келісімді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 20 жылдығы тойланатын жылда қол қоюдың өзіндік мәні бар. Ядролық отын циклындағы бірлескен жобаларды сәтті іске асыру өзара тиімді ынтымақтастықтың оң мысалы бола алады. Бұдан бөлек, келісім ережелері Мемлекет басшысы Н. Назарбаев алға қойған уран өндіру нарығындағы көшбасшылықты сақтау және әлемдік бәсекеге қабілетті атом компаниясын құру жөніндегі тапсырмаға да сай келеді», - деді Асқар Жұмағалиев.1996 жылы құрылған «КАТКО» бірлескен кәсіпорны Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Мойынқұм» кен орнында жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен уран өндіруді жұмысын жүзеге асырып келеді.