Соңғы кездері тележурналистикаға бет бұрған танымал әнші Гүлнұр Оразымбетова 7күнге жаңа жұмысы мен болашақ бизнес жоспарлары туралы айтып берді. Жеке кәсіпкер ретінде "банк қызметтерін жиі пайдаланамын" деген ол ақшаға қатысты ырымдарымен бөлісті.
- Гүлнұр, әншіліктен тележурналистикаға бет бұрдыңыз. Жаңа саланы игеру қиын боп жатқан жоқ па?
- Мен екі мамандықты да қатар алып жүруге болатынына көзім жетті. Алғашында қорқу да, қобалжу да болды. Оның үстіне ұлттық арнаның жауапкершілігі басқа арналардан екі есе жоғары екені де жасырын емес. Қазір «Қазақстан» ұлттық арнасындағы таңғы бағдарламалар дирекциясының жетекшісімін. Әр жұма сайын апта қорытындысы ретінде эфирге шығамын. Тележурналистикаға келген соң уақытты жоспарлауға тура келетінін түсіндім. Бұрын шашылып жүретін адам едім, қазір минутыма, тіпті, секундыма дейін есептеп жүремін. Оңай жұмыс жоқ. Меніңше, бұл жақсы. Себебі, әр адам өз уақытын есептеп жүретін болса, қоғамға зор пайдасын тигізеді.
- Сіз келгеннен кейін қандай өзгерістер болды? Қандай жаңалықтар алып келдіңіз?
- "Таңшолпанның" жаңа форматы мен жетекші болғанға дейін қарастырылған. Мен сол дайын жобаны әрі қарай дөңгелетіп алып кеттім. Қазір бізде төрт жүргізуші. Бәрі де жастар. Менімен бірге эфирге замандасым Олжас Сыдықбек шығады. Оны жұрт бұған дейін пародист ретінде білсе, бұдан былай журналисттік қырларын да паш ететін боламыз. Олжас - журфакты бітірген, кәсіби журналист. Әлемдік тележурналистикада таңғы бағдарламаларды жастар жүргізеді. Сол себепті біз де жастармен жұмыс істеуді қолға алып жатырмыз. Бағдарлама тізігінін жастарға беруімізді көпшілік түсінбей жатыр. Бірақ, уақыт келе жылы қабылдайды деп ойлаймын.
«Қызыл әмиян ақша шақырады» - кәсіпкер Оразымбетова
- Тележурналистика туралы көпшілік көкейінде жүрген сұрақ болған соң қойған едік. Бизнес, қаржы туралы пікіріңізді білсек. Банк қызметін пайдаланасыз ба?
- Мен - жеке кәсіпкермін. Соған байланысты ақша аудару сияқты жұмыстарымның барлығын банктер арқылы атқарамын. Банктерде депозиттерім бар.
- Несиеңіз бар ма, немесе бұған дейін несие алғансыз ба?
- Бұған дейін несие алған емеспін. Өйткені несие деген нәрседен қорқамын. Біреулер жеңіл алып, оны төлеп жүреді. Бірақ, қазір жаңа бір жоба бастап жатырмын. Соған несие алатын шығармын деп ойлаймын.
- Жаңа жоғарыда жеке кәсіпкермін, алдағы уақытта жаңа жоба бастап жатырмын дедіңіз. Осылар туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
- Жоба дегенде жеке басыма қатысты дүние. Жаңа жобам асханамен қатысты. Болашақта бауырсақ пісіретін цех ашсам деген ниеттемін. Ол ерекше асхана болады. Себебі, онда Қазақстанның барлық аймағының бауырсақтары пісіріледі. Сондай-ақ, аптаның бір күнін сол цехқа арнап, өзім бауырсақ пісіретін боламын. Цехтағы қызметкерлерге бауырсақ пісіруден мастер-класс көрсететін боламын (күліп).
- Ақшаға келгенде үнемшілсіз бе?
- Үнемшіл емеспін. Жаңа жұмысқа келіп, уақытымды үнемдеуді үйреніп жатырмын деп айттым ғой. Сол секілді енді ақшамды да үнемдеуді үйренемін деп ойлаймын. Ақша қалай келеді, солай кетеді. Үнемдей алмаймын. Шашып жіберемін (күліп). Ал ақшаны үнемдеудің ең оңай жолы – қаржыны карточкада сақтау деп ойлаймын. Егер ақшаны қолда ұстап жүрсеңіз, көп жұмсап қоясыз. Бірақ, ақша керек болған кезде банкомат іздеп, қиналып қалатын кездерім де болады.
- Ақшаға баланысты ырымдарға сенесіз бе?
- Сенемін. «Қызыл әмиян ақша шақырады» деген ырым бар. Осы ырымға қатты сенемін. Әмиянымның ішінде үнемі доллар, еуро және теңге сақтаймын. Сосын ақша шақыратын тағы бір ырым бар. Ол – күміс қасық. Жақында бір досым күміс қасық сыйлады. Соны да әмиянымның ішіне салып жүремін. Күміс қасықты салып жүрген уақыттан бері жағдайым жаман емес. Ақша түсіп жатыр (күліп).
- Пиарға байланысты бір-екі сұрағым бар. Пиар деген ұғымды қалай түсінесіз? Пиарға деген көзқарасаңыз қандай?
- Пиар Қазақстанда әлі жетіле қойған жоқ. Бізде де қара пиар болса екен деймін. Бірақ, бізде қара пиарды жасандылықпен шатыстырып алатын секілді. Мысалы, әншілер мен танымал кісілердің көшеге боянбай шыққан сәттерін суретке түсіріп алып, жариялайтын басылымдар болғанын қалаймын. Осы суреттерді түсіріп алған адам ақша таба алады. Егер әнші болмағанымда мүмкін сондай фотограф болып кететін ба едім (күліп).
- Гүлнұр ханым, сұхбатыңыз үшін рахмет.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024