Экономика
ХВҚ теңге курсының еркін айналымға өтуіне қолдау білдіреді
Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстандағы экономикалық дамуға әсер етті. Енді Қазақстанның өсім болжамы бұрынғыдан да төмен болуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетовпен кездесуінде Халықаралық валюталық қордың (ХВҚ) Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы департаментінің директоры Масуд Ахмед мәлімдеді.
Масуд Ахмед пен Қайрат Келімбетов Қазақстанның ақша-несие саясатын, жаһандық және аймақтық экономиканың дамуын және ХВҚ директоры Кристин Лагардтың алдағы сапарын талқылады.
"Қазақстан Ұлттық банкі ақша-несие саясатын нәтижелі түрде ұйымдастыра білді. Соның бірі - баға тұрақтылығы мен экономикадағы инфляциялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін инфляциялық таргеттеу", -деп атап өтті ол.
ХВҚ теңге курсының еркін айналымға өтуін қолдайды, себебі бұл инфляциялық таргеттеу саясатына көшудегі қажетті шарттардың бірі болмақ.
"Сондай-ақ осы саясат аясындағы тағы бір құрал ретінде Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемені бекітуін атап өтуге болады", - дейді Масуд Ахмед.
4 қыркүйекте Астанада Масуд Ахмедтің ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен кездесуі өтуі қажет.