Экономика
Италия Қазақстанның ең ірі инвесторына айналды
Қазақстан мен Италия арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы 17 млрд долларды құрайды. Ал Еуропалық одақпен айналым көрсеткіші 55 млрд долларға жетті. Бұл туралы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының әлемдік Expo Milano 2015 көрмесіндегі Ұлттық күнін жариялау кезіндегі салтанатты рәсімде мәлімдеді. BRANDWORKS директоры Эльмира Сейдазимоваға сілтеме жасап LS осылай деп хабарлайды.
Президенттің сөзінше, Италия бүгінде Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвестор болып табылады. 2005 жылдан бері инвестиция тасқыны 6 млрд долларды құрады. Бүгінде Қазақстанда италияндық капиталдың қатысуымен 200 кәсіпорын жұмыс істейді.
Әлемдегі жалпы экономикалық жағдайға қарамастан Қазақстан мен Италия болашаққа нақты жоспарлар құруда деп атап өтті Н.Назарбаев. "Біздің келісім-шарттарымыз бен заңдарымыз тұрақты, біз бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер тудырып жатырмыз", - деді президент. Сондай-ақ, Н.Назарбаев Италияның Қазақстанға деген сенімін жоғары бағалап, "әлем мен аймақтағы саяси жағдайға қарамастан ашық және мазмұнды диалог, құрылымды серіктестік" деп сипаттады.
27 маусымда Миланда өткен бизнес-форумда Қазақстан мен Италия арасында тағы 500 млн долларға тең болатын коммерциялық келісім-шартқа қол қойылды.