IV халықаралық «KADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің өткізілуіне орай Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі журналистер арасында республикалық шығармашылық байқау ұйымдастырды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау Қазақстан Республикасында шығатын қалалық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ электрондық бұқаралық ақпарат құралдары арасында мемлекеттік және орыс тілдерінде жеке аталымдар бойынша өткізіледі.
Байқауға қатысуға газет, радио және телевидение, ақпараттық агенттіктердің журналистері, сондай-ақ Астанадағы IV халықаралық «KADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің өткізілуі туралы материалдарды жариялайтын және басып шығаратын штаттан тыс авторлар шақырылады.
Байқауға ұсынылатын материалдар 10 маусымға дейін қабылданады. Байқау жұмыстары көрменің өткізілуі кезіндегі аңдатпа оқиғаларды жариялау бойынша материалдардан, сондай-ақ көрменің өткізілу қорытындысы бойынша материалдардан тұруы мүмкін. Материалдардың сапасы әртүрлі өлшемшарттар негізінде, яғни, тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығы, тақырыптың мазмұндалу дәйектілігі мен терең ашылуы, салыстырмалы ақпараттың, статистикалық және талдамалы деректердің, нақтылық және т.б. тұрғысында бағаланатын болады.
Жеңімпаздар бес аталым бойынша анықталады. Атап айтқанда, «Баспа басылымдарындағы үздік жарияланым», «Интернет-басылымдардағы үздік жарияланым», «Үздік телесюжет/телебағдарлама», «Үздік радиосюжет/радиобағдарлама, «Үздік фоторепортаж/фотоочерк». Байқау ережелері және шарттарымен ҚР Қорғаныс министрлігінің mod.gov.kz ресми сайтының KADEX бөлімінде танысуға болады.
Қазақстандық журналистика күні кәсіби мерекесі қарсаңында байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізіледі.