7kun.kz өзін ғана емес, әлемді өзгерткен іскер әйелдер туралы 7 үздік фильмді назарларыңызға ұсынады.
«Джой» (2015)
Фильмде Джой Манганоның өмірі көрсетіледі, ол - Miracle Mop еден жуғышын ойлап тапқан жалғыз басты ана.
Туындының көрерменге жеткізетін негізгі ойы - егер бірнәрсеге қол жеткізгің келсе, оны өзің жаса! Джой да солай жасады. Қарапайым еден жууғыштан көңілі қалған әйел өзінікін ойлап тапты. Өнімді бай итальяндық әйел Руди инвестициялады. Алдымен Джой Гонконгтан келген адаммен серіктес болады және әлеуетті сот талап-арызын болдырмау үшін оған мың доллар төлейді. Бірақ серіктесі үнемі бөлшектерді жөндеудің шығынын есептеп, оны төлеу үшін Джойға береді.
Сол кезде Мангано өзі іске кірісуді шешеді және жергілікті супермаркет жанында және теледидарда өз өнертабысын жарнамалауды бастайды. Әрине алғашқыда бәрі керемет болмайды, бірақ уақыт өте ол клиенттердің назарын өзіне аудара алды. Нәтижесінде қажетті сатылымға қол жеткізіп, табысты іскер әйелге айналады.
Sunshine Cleaning ("Жарқырағанға дейін тазалау") (2008)
Сюжет апалы-сіңлілі Лорковскилерге арналады. Нора даяшы болып істеген мейрамханадан жұмыстан қуылады. Оның әпкесі Роуз ауқатты адамдардың үй қызметшісі ретінде жұмыс істейді. Роуз ұлын жалғыз өз тәрбиелеп жүрген ана. Бір күні баланы мектептен шығарады, Роуздың оны жаңа, жеке мектепке беруге ақшасы болмайды.
Содан кейін апалы-сіңлілер өздерінің жеке бизнесін бастауға - "Sunshine Cleaning" қылмыс орындарын тазалау жөніндегі агенттігін құруға шешім қабылдайды.
Нәтижесінде, апалы-сіңлілердің өмірі жақсара бастайды, бірақ кәсіпкерлік әлемінде бәрі бірдей ойдағыдай бола бермейді. Олар өз ісінің табысқа жету жолында көптеген кедергілермен бетпе-бет келеді.
The Devil Wears Prada ("Шайтан Prada киеді") (2006)
Миранда Пристли - Нью-Йорктегі ең ірі сән журналдарының бірінің қатал әрі талапты редакторы. Миранда қарсылықтарды, ақымақтықты, әсіресе киімдегі сәтсіз үйлесілімдікті ұнатпайды
Фильмнің басты желісі Миранда Пристлидің жаңа қызметкері Энди Сакспен қарым-қатынасымен өрбиді. Фильмде ол Миранданың күрделі және кейде түсініксіз тапсырмаларын орындайды. Бірақ осының арқасында Энди өзіне жаңа мүмкіндіктерді ашады және шын мәнінде не істей алатынын түсінеді.
L'âge de raison ("Үлкен кішкентай МЕН") (2010)
Фильмнің басты кейіпкері Маргарет - карьерист және бай әйел. Оның ақылсыздыққа уақыты жоқ, оның өміріндегі барлық нәрсе алдын-ала жазылған жоспар бойынша жүреді, ал сүйікті адамдармен кездесулері айына бір реттен жиі болмайды.
Маргарет 40 жасқа толғанда, жақсы танымайтын адамнан сәлемдемеге сыйлық алады. Сәлемдеменің ішінде Маргареттің бала кезінде өз-өзіне жазған хаты болады. Хат мынадай сөздермен басталады: «Қымбатты МЕН, қазір жеті жастамын және өзіңе берген уәдеңді және кім болғың келетінін ұмытпау үшін саған осы хатты жазып отырмын…» Сөйтсе, Маргарет "кит ветеринары" болуды армандаған екен, бірақ ол ешқашан аквалангпен айналыспаған. Осыдан кейін басты кейіпкер өзінің жанына жақын іспен шұғылданбағанын түсінеді.
Фильм қызметі мен мәртебесіне қарамастан, ересек адамдардың әлі де бала екенін еске салады.
"Стажер" (2015)
Джулс Остин - өз брендінің жетекшісі және негізін қалаушы. Ол шағын стартаптан бастап, жобаны ондаған қызметкерлері мен үлкен клиенттер желісі бар жеке кеңсеге дейін көтерді.
Ең қызығы ол бір уақытта жақсы ана, әйел болуды, өнім өндіру мен жеткізуді бақылауды, жиналыстарға қатысуды және жаңа идеяларды генерациялауды қалайды. Бірақ ешнәрсеге үлгермейді.
Оның өмірі Джулстің кеңсесіне жұмысқа орналасқан 70 жасар стажер Бэн Уитакердің көзімен көрсетілген. Стажер оған өмірлік құндылықтарды қайта ойлауға көмектеседі.
«Чемпион» (2010)
Бұл фильмнің басты кейіпкері - Пенни Твиди, үй шаруасындағы әйел. Пенниге анасы қайтыс болғаннан кейін отбасылық ат бизнесін банкроттықтан құтқаруға тура келеді.
Ата-анасына тиісті жер жойылуға жақындап қалған. Ал бұл жерде бір кездері АҚШ-тағы ең жүйрік аттар өсірілген. Бизнесте ешнәрсе түсінбейтініне қарамастан Пенни отбасылық бизнесті сақтап қалғысы келіп, ферманы басқаруды қолына алады.
Пенни "Үш тәж" ат жарыстарының жеңімпазы болған Секретариат атты сәйгүліктті өсіреді. Ширек ғасыр бойы олар ат жарысындағы чемпион атағын сақтап қалды.
«Коко до Шанель» (2009)
Фильмнің сюжеті Коко Шанельдің өмірбаянына негізделген және оның табысқа жету жолын көрсетеді. Алдымен ол провинциялық бардың орындаушыларына арналған костюмдер тігеді, ал түнде сол жерде әнші болып жұмыс істейді.
Көп ұзамай ол Барон Бальзанмен танысады. Бұл таныстық Шанельге француз әлеміне енуге және француз элитасына шляпалар тігуге мүмкіндік береді. Кейіннен, Коко әйелдердің киіну стилін өзгертіп, оларға ыңғайлы костюмдер мен көйлектер тігеді.
Фильмде Коко Шанельдің бүкіл жүріп өткен жолын көруге болады: провинциялық тігіншіден әлемге әйгілі дизайнер мен кәсіпкерге дейін.