Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Kazygurt trail: Оңтүстікте ерекше спорттық шара өтті 

Kazygurt trail: Оңтүстікте ерекше спорттық шара өтті 

Өткен мерекелік демалыс күндері кеме қалған Қазығұрттың бойында «Home Credit Kazygurt trail» шарасы өтті. Спортты серік еткен жандар жыл сайын скайраннинг, яғни тауға қарай жүгіру жарысын асыға күтеді. Дәстүрге айнала бастаған шараның ауқымы артып, қатысушылар саны көбейіп келеді. Тіпті осы шара үшін шетелден де келетіндер бар. Салауатты өмір салтын насихаттайтын шараға биыл 7kun.kz тілшілері куә болды.   

Таң атып, көкжиектен күн көрінісімен қатысуға тіркелгендер межелі жерге жиналып, автобуспен, жеңіл көлікпен Қазығұрт тауына қарай бет алды. Қатысушылардың бәрі бір-бірін бұрыннан танитын адамдар секілді, көңілді.  

Бұл шараға екі жыл бұрын қатысқанмын. Әрине, басты мақсат орын алу емес. Өз мүмкіндігіңді, күшіңді сынап көру. Тегіс жерде жүгіру басқа, ал тауға қарай өрлеп жүгіру басқа. Жарты жолға жеткенде екі аяғың талып, күшің сарқыла бастайды. 3 шақырым жап-жақын көрінгенімен, бірте-бірте оның алыстап бара жатқанын байқайсыз. Бір қуантатыны, бұл жүгіріс барысында танымайтын адамдардың өздері бір-біріне қол ұшын созып, бір-бірін демеп жүреді. Бұл шара тек жүгіру ғана емес, адамдардың бір-біріне мейірімін, сенімін оятады. Осылайша, таудың биік нүктесіне қалай жеткеніңізді де байқамайсыз. Алдыңғы жылғы нәтижемді биыл жақсартатыныма сенемін, - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жанель Тұйғынбаева.  

«Хоум Кредит Банкі» бас демеушісі болған скайраннингке Шымкент, Алматы, Тараз, Павлодар, Түркістан қалаларынан 200-ге жуық адам қатысуға ниет білдіріпті. Олар «Sprint» 3 және «Тrail» 20 шақырым бойынша сынға түсті. Сағат тілі 11.00-ді соққанда «Старт» берілді.  

Қазығұрт тауының ең биік нүктесі 1768 метр. «Sprint»-ке қатысқандар таудың батыс бөлігімен 2,5 шақырым жүріп, 600 метр биікке көтерілді. Жарыс жеңімпаздары жас ерекшеліктеріне қарай анықталды.  

Ал 20 шақырымдық жарыс жолында бірінші орынды бельгиялық азамат Полгар Тивадар жеңіп алды. Оның нәтижесі 2 сағат 16 минут 10 секунд.

Мен саяхатшымын. Әлемнің 80-нен астам елінде болдым. Екі-үш айдан бері Шымкентте өмір сүріп жатырмын. Тауға шыққанды ұнатамын, жүгірумен айналысамын. Жарыс жақсы ұйымдастырылған. Адамдар бір-біріне көмек қолын созуға даяр. Қазығұрт тауының биігінен айнала өте әдемі көрінеді екен. Енді келесі жарысқа дайындаламын, - дейді Полгар Тивадар.  

Ал екінші орынды алматылық Вадим Винокуров (02:21:34), үшінді орынды павлодарлық Асұлан Жұмағалиев (02:32:49) иеленді. 

Қыздар арасында ресейлік Наталья Нещерет бірінші болып келді. Оның нәтижесі 2 сағат 32 минут, 19 секунд. Алматылық Катя Харамоваға екінші, шымкенттік Айдана Түлкібекке үшінші орын бұйырды.  

Қатысушылардың бәріне арнайы естелік медаль тапсырылды. Бұдан кейін қатысушылар табиғат аясында пісірілген дәмді палаудан дәм татып, арқан тартысудан, кір тасын көтеруден жарысып, бір-бірін құттықтап, арқа-жарқа боп тарқасты.  

Қатысушылардың пікірі  

Данил Гудзев, ең жас қатысушы: 

Жасым 12-де. Шымкенттегі №40 жалпы орта мектепте оқимын. Бұл жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. 3 шақырым жүгіріп, жүріп, Қазығұрттың биігіне шықтық. 7 мен 13 жас аралығындағы қатысушылардың арасында екінші болып келдім. Нәтижем 53 минут 23 секунд. Бос уақытымда воркаутпен айналысамын. Келесі жылғы «Kazygurt trail» шарасын асыға күтемін.  

Асұлан Жұмағалиев, 20 шақырымдық жарыс жолында үшінші орын иегері: 

Мен Павлодар қаласынан осы жарысқа арнайы келдім. Хоум Кредит Банкінде кредит консультантымын. Былтырлары әріптестерім арасында STRAVA ішкі жарысымызда бірінші атанғанмын. Мұндай марафонға қатысуым алғаш рет. Тауда 20 шақырым жүгіргеннен гөрі жазықта 30-40 шақырым жүгірген оңай екен. Өйткені тауға жүгіріп шығып, түсу қиын. Күшті соңына дейін сақтау керек.  

Вадим Винокуров, Экстремалды атлетика жөніндегі атқарушы директоры: 

Дене шынықтыру, спорт және салауатты өмір салтын насихаттау, жеңіл атлетикалық кроссты, жаппай қолжетімді спорттың түрі ретінде тауға жаппай жүгіруді дәріптеу – біздің басты мақсатымыз. Бұл жарыстың деңгейін көтеріп, әлемдік жарысқа айналдырғымыз келеді. Қызығушылардың, қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Өзім де 20 шақырымға жүгіріп, екінші болып келдім.   

Құрметті оқырман, алдағы уақытта Home Credit Tengri Series - 2018 шеңберінде келесі іс-шаралар өтетінін хабарлаймыз: 

Сәуірде Алматы марафоны аясында спорттық жәрмеңке өтеді.    6 және 7  мамырда Тамғалы Тас шатқалында Іле өзенінің бойымен «Home Credit Тенгри Ультра» өтеді.  23 маусымда «Home Credit  Tун Ран. Жазғы нұсқа» өтеді. 25 тамызда «Home Credit Ирбис Рейс» өтеді. 13-14 қазанда «Home Credit Алатау Фестивалі» өтеді.

Әйгерім Бегімбет, «7», Оңтүстік Қазақстан

Похожие материалы