Экономика
Выбор редактора
Kira Plastinina бренді Қазақстандағы дүкендерін жаба бастады
Алматы, 6 тамыз. - 7kun.kz Қазақстандағы сауда орталықтарында Kira Plastinina брендінің бутиктері жабыла бастады. Forbes.kz жазуынша 1,5 млн доллар инвестиция салынған Қазақстандағы дүкендер желілері саны азая түсуде.
Ресейлік кәсіпкер Сергей Пластининнің қызы, дизайнер Кира Пластинина 2007 жылдан бастап Kira Plastinina деген брендпен алғашқы бутиктерін ашқанеді. Ал 2008 жылдың ақпанында Астанада стиль дүкені жұмысын бастады. Кира Пластининаның өзі хабарлағандай, Қазақстандағы желіні ашуға 1,5 млн доллар салынған.
2014 жылы Қазақстанда аталған брендтің 25 дүкені жұмыс істеп тұрды, компания жоспары бойынша олардың саны әлі де өсуі тиіс еді.
Алайда жарты жыл бұрын Kira Plastinina бутиктері жабыла бастады. Қазір Алматыда компанияның бір ғана дүкені бар, MEGA Park сауда орталығында орналасқан дүкеннің сөрелері де жартылай бос.
Forbes.kz сарапшылары сұрау салған сауда кешендерінің көпшілігі, ресейлік бренд бутиктерінің жабылғанын растағанымен, оның себебін айтудан, толығырақ түсіндіруден бас тартқан.
Kira Plastinina брендінің "Вконтакте" әлеуметтік желісінің парақшасындағы модератор дүкендердің жабылуына олардың тиімсіздігі себеп болғандығын хабарлаған. "Компания шығындарын қысқартып, табысы аз дүкендерін жауып жатыр. Өкінішке орай, Қазақстандағы интернет-дүкен де жұмыс істемейді", - дейді ол.
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, қазір Кира Пластинина желісінің дүкендер саны әлдеқайда қысқарған.